Көрпеге қарап көсілу ме? ІІМ жаңа ғимарат салу үшін 75 млрд теңге жұмсағалы отыр

Ulysmedia

Қазақстанда 75 млрд теңгеге ішкі істер министрлігінің жаңа ғимараты салынбақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

75 МИЛЛИАРДТЫҢ ҒИМАРАТЫ НЕ ҮШІН КЕРЕК 

2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасында Астанада ішкі істер министрлігіне жаңа әкімшілік ғимараттар кешенін салуға қажет негізгі бюджет қарастырылған. Құжатқа сәйкес, жобаны әзірлеуге 2025 жылы 20 миллион теңге, ал одан кейінгі екі жылда құрылыстың өзіне тағы 75 миллиард теңге қарастырылған.

ІІМ-НІҢ ҚАЗІРГІ ҒИМАРАТЫ

Министрліктің қазіргі резиденциясы 2003 жылы пайдалануға берілген. Алайда, 20 жылдан кейін ведомство жаңа ғимаратқа көшуді жоспарлап отыр. Осы тұста “Неге?” деген ойға қонымды сұрақ туындайды. Бұған қатысты бірнеше болжам бар.

  • Біріншісі – ішкі істер министрлігі орталық аппаратының штаты айтарлықтай көбейіп, қазіргі ғимараттарға барлық қызметкер сыймай жатқан болуы мүмкін.
  • Екіншісі – соңғы 20 жыл ішінде ғимарат ескірген және оны пайдалануға келмейді. 

МАНАС, 4 ҒИМАРАТЫ

Қызық дерек: 2001 жылы Астанадағы Манас көшесі, 4 мекенжайы бойынша орналасқан ішкі істер министрлігінің әкімшілік ғимаратының құрылысына 200 миллион теңге бөлінген. Ал қазіргі уақытта бұл жерде сауда орталығы тұр.

2000 жылдардың басында бюджет қалай бөлініп, ақыр соңында ІІМ не үшін басқа ғимаратқа көшіп кеткені жұмбақ. Десек те, қазір жаңа ғимараттың құрылысына ондаған миллиард теңге бөлініп отырғаны қоғам үшін аса өзекті мәселе болып отыр: мұндай ақшаның бөлінуі қаншалық орынды және ол қаржы кейін өзін ақтай ма? 

Экономикалық тұрақсыздық, салықтардың өсуі және әлеуметтік шығындардың қысқарып жатқан кезде құқық қорғау органдарының ғимаратына мемлекет тарапынан инвестиция тарту халықтың наразылығын тудыратыны сөзсіз.