Ulysmedia.kz редакциясы бұл жолы арнайы сауал жолдап, 17 облыстың әкімінің қызметтік көлігі қандай екенін анықтап көрді.
Қазақстанда отандық көлікті құрап шығаратын кәсіпкерлерге мемлекеттен үлкен қолдау бар. Бұл бағытта инвестициялық жобаларға Қазақстан даму банкінен миллиардтаған қаражат бөлінеді. Пайыздық мөлшерлеме субсидияланып, банк несиелері бойынша кепілдіктер беріледі. Шағын машина жасайтын компаниялар өз инвестицияларына және өндірісті жаңғыртуға қаражат ала алады. Сонымен қатар автокөлік өндірушілері кедендік баж бен қосымша құн салығынан босатылған. Жабдықтар мен құрамдас бөлшектерді импорттайтын машина жасау кәсіпорындарына салық жүктемесі азайған. Тіпті машина жасайтын кәсіпорындарға өнеркәсіптік гранттар да беріледі.
Шетелдік көліктер үшін алғашқы тіркеуге, утилизациялық алым үшін төлеуге тура келетіндіктен, елге шеттен көлік алу қымбат бағаға шығады. Мемлекеттің осындай салық саясатына қоғамда қанша қарсы пікір айтылып та жатыр.. Егер шетел көліктеріне мұндай салық салынбағанда Қазақстанның отандық көлік өндірісі қаншалықты аман қалатыны немесе қалмайтыны сұрақ туғызады. Ал біз сауалда әкімдер қаншалықты отандық көліктерді мінетінін біліп көрдік.
КӨБІ Kia K900 МІНЕДІ
Әкімдердің көбі Kia K900 көлігін мінеді. Премиум сегментті, қымбат седан Қазақстанда шығарылады. Мұндай көлікпен Ақтөбе, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Түркістан облысының әкімдері жүреді екен. Облыс әкімдіктерінің бірі бұл көлік Президент әкімшілігінің қабылдау-тапсыру актісі негізінде балансқа келіп түскенін хабарлайды. Демек, әкімдерге «отандық көлікке мініңдер» деген пәрмен «жоғары жақтың» талабы сыңайлы.
Абай облысының әкімі 2023 жылы шыққан Hyundai Staria маркалы көлігімен жүреді.
«КРУЗАК» МІНГЕН ӘКІМДЕР
Шетел көліктерімен жүретін әкімдер де бар. Алматы облысының әкімі 2016 жылы шығарылған қара түсті Toyota Land Cruiser 200 қызметтік автокөлігін пайдаланады. Батыс Қазақстанның да әкімі сондай – 2016 жылы шыққан Toyota Land Cruiser. Павлодар облысының әкімі 2011 жылы шыққан Lexus LX 570 маркалы қызметтік көлікпен жүреді. Онысы 2014 жылдан бастап Павлодар облысы әкімі аппаратының «Офис-сервис» КММ-нің автокөлікпен қамтамасыз ету бөлімінің балансында. 2011 жылы шыққан тағы бір көлікпен Маңғыстау облысының әкімі жүреді. Оныкі – Lexus LX 570.
НӘЛІБАЕВ ПЕН АХМЕТЖАНОВ АЙТҚЫСЫ КЕЛМЕЙДІ
Қызылорда облысы мен Ақмола облысының әкімі қызметтік көлігі жайлы сұраққа жауап бергісі келмеді. Екеуінен бірдей мынадай жауап келді:
Облыс әкімі өзінің лауазымдық міндеттерін орындау үшін қолданыстағы регламенттер мен талаптар шеңберінде ұсынылатын қызметтік көлікті пайдаланады.
Ulysmedia.kz редакциясы 17 облыстың әкіміне ресми сауал жолдап, айлық мөлшері қанша екенін біліп көруге тырысқан еді.