Жуырда өзіне қол жұмсап қайтыс болған жазушы Аягүл Мантайдың оқиғасынан кейін, желідегі кибербуллинг, одан заң жүзінде қорғану, желі қолданушыларының психологиялық портреті секілді біраз сұрақтар көлденең шықты. Ulysmedia.kz тілшісі осы сауалдарға жауап іздеп көрді.
Аягүлдің “қыз” болғанын сот-сараптамасы растады
Әуелі марқұм Аягүлдің сіңлісі Тоты Мантайды сөзге тарттық. Оның айтуынша, қазір Түркістан облысы, Жетісай аудандық полиция бөлімшесіне арыз түсірген және қылмыстық кодекстің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша іс қозғалған. Десе де ол тергеу ісінің әділ жүргізілетіндігіне алаңдаулы.
– Мән-жайды білгім келіп, тергеушіге жолығып едім, тергеудің құпия екенін айтып мардымды жауап бермеді. Осыған ұқсас тәжірибелер кездеспегенін айтты. Істің ауанын сөйлеген сөздерінен байқайсың ғой. Тергеу қарсы тараптың пайдасына жұмыс істеп жатқандай көрінді, – деді Тоты Мантай.
Оның айтуынша, сот-сараптамалық зерттеу нәтижесі Аягүлдің денсаулығында ақау болмағандығын, «қыздық пердесі» орынында екенін растаған. Тоты әпкесінің өлімін кибербуллингпен байланыстырады және ерте ме кеш пе әділдік орнайды деген сенімде.
– Кибербуллинг болғанын бәрі көріп отыр. Өзім интернетте отыратын адам емеспін. Аягүл жұмысына байланысты фейсбук әлеуметтік желісін жиі қолданып, түрлі тақырыпта материалдар жазды. Аягүлдің өлімінен соң оны «күйзелісте жүр» деп жазғыза берді. Мәди де, Сәуле де (Аягүл Мантай өлер алдындағы соңғы жазбасында Сәуле Әбілдаханқызы, Мәди Манатбекті кінәлап, ренішті екенін жеткізген – ред.) таныстары, ақшалары бар адамдар. Менің ешкімім жоқ, қымбат адвокат жалдап жатқаным жоқ. Тергеу барысына көңілім толған жоқ, – деді ол бізге берген сұхбатында.
Сот қарсы тараптың пайдасына шешілген күнде тоқтап қалмайтынын айтқан марқұмның сіңлісі халықаралық соттарға шағымданатынын жеткізді.
Мәди Манатбек бата жасамақ болды
Тоты Мантай әпкесін өлімге итермелеген деп санайтын адамдардың аттарын ашық атап жүр. Оқиғаның қалай өрбігеніне де тоқталды.
– Аягүл Шымкент қаласына арналған 6–7 жобаны Мәди Манатбектің атынан жасап беріп жүрді. Бірақ көзі жоқ болған соң мұны мойындамайды. Әлеуметтік желіде дау шыққан соң қалай қашсақ та Сәуле қоймады. Аягүл 22 шілдеден бастап телефонын өшіріп тастады. Қатты ренжіді, қасында ешкім болған жоқ. Бір жылдан соң ұмытылады деп жұбаттым. Желідегілер оның жеке басына тиісіп, қорлады. Ақыры 29 шілдеде өз өзіне қол жұмсап, қайтыс болды. Аягүл қайтыс болған кезде олар араға адам салып, «барлық талаптарыңызды орындайды, сотқа бермеңіздер» деген болатын. Енді баспасөзге берген сұхбаттарын қарасам басқаша сөйлеп отыр. Кеше Мәди Манатбек хабарласып, «батаға атағаным бар» деп Каспий картамды сұрады. Маған ештеңесі керек жоқ, ешқандай келісімге келмеймін. Қарсы тарап тиісті жазасын алуы керек, – дейді ол.
Мамандардың айтуынша, кибербуллинг қатысушылары қатарындағы белсенді топтың бірі – бақылаушылар. Интернеті бар кез келген адам әлімжеттік куәгері бола алады. Олар өздерінің кибербуллинг қатысушы ретінде көрмегенімен, жанжалды сырттай зор қызығушылықпен бақылайды. Аягүлдің қазасы интернет қолданушыларын дүр сілкіндірді. Тіпті, Google іздеу жүйесінде Аягүлдің атын терсең, скрин сөзі қатар шығады. Марқұмның өшірілген соңғы жазбасы мен екеуара хаттары көпшілікті қатты қызықтырған.
Жағымсыз пікірге “лайк” басудың өзі буллинг
Жастардың интернетке, кибербуллингке және құмар ойынға тәуелдігін азайтумен айналысатын ReStart жобасының жетекшісі Бағлан Серік те Аягүл Мантай өлімін кибербуллинг мысалына жатқызады.
– Жуырда қайтыс болған жазушы Аягүл Мантайды кибербуллинг құрбаны деп айтсақ болады. Фейсбук желісінде жасалған кибербуллингтің салдарынан жазушы өз өзіне қол жұмсаған. Ал біз біле бермейтін құрбандар қаншама. Әлеуметтік желілерде жазатын постыңызға, пікіріңізге абай болу керек. Қазір екінің бірі кибербуллер, себебі біреуге жазылған жағымсыз пікірге лайк басудың өзі кибербуллинг болып есептеледі, – дейді ол.
Маманның айтуынша, кибербуллинг – адамды интернетте, әлеуметтік желілерде қорлау немесе қудалау. Әдетте буллинг мектепте оқушылардың арасында жүрсе, кибербуллинг әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асады. Кибербуллерді, буллерге қарағанда табу, анықтау әлдеқайда қиын. Себебі кибербуллингтің ауқымы кең.
Кибербуллинг белгілеріне – қорлайтын бейнероликтер, суреттер, өсек немесе жалған сөздер тарату, әлеуметтік желілерде біреудің атынан жалған аккаунттар ашып, онда ерсi фотосуреттерді жариялау, ренжіту мақсатында әлеуметтік желілерде достар чатынан әдейі шығарып тастау, әдепсіз дөрекі сөздер жазылған немесе қоқан-лоқы түрдегі хат жіберу, жеке басыңызға қатысты ақпаратты басқаларға тарату, ренжіту, не қорлау мақсатында жеке суреттерді басқаларға рұқсатсыз жіберу сынды әрекеттер жатады.
Интернетте қорқыту мен қорлау салдары:
– Кибербуллинг құрбандары өзін-өзі бағалауы мен өзіне деген сенімі төмендеп, оқу нәтижелері нашарлап, әлеуметтік қарым-қатынастары төмендейді.
– Кибербуллингтің көптеген құрбандары сталкер бола алады.
– Кибербуллингке ұшыраған адам ашуланшақ болып, дәрменсіз күйге түседі.
– Соңы суицидке әкелуі мүмкін.
Егер адам кибербуллингке ұшыраса, әлеуметтік желіде сол адамды бұғаттауы керек. Постқа шағым түсіру және жағдай ушықпас үшін хабарламалар мен посттарға жауап бермеу қажет. Хат-хабар мен посттарды дәлел ретінде сақтап қою, яғни скриншот жасаған жөн. Бұл заңды тұрғыда шағымдануға айғақ болады.
Жәбірлеуші VS құрбан
Балалар және ересектер психологы Серікгүл Салидің айтуынша, кибербуллинг алғаш адам жаралғалы бері жалғасып келе жатқан шабуылдың заманауи сипаты. Каннибализм құрбандығын тоқтатқан соң, адамжегіштік әрекеті сөзге, буллингке алмасқан.
– Буллингтің психологиялық түсіндірмесі біздің санамызда жыртқыштықтың әлі де қалып отырғандығын көрсетеді. Ішкі мәдениеті төмен, өзгелерге жанашырлығы жоқ адамдар қысым жасауға дайын тұрады. Өйткені іштей бақытсыз, өз дегеніне жете алмаған жандар буллинг жасайтын топтың ішінде жүреді, – деп жалғады ол.
Психологтың айтуынша, кез келген адам кибербуллинг құрбаны болуы мүмкін. Одан сақтанудың нақты жолы жоқ, бірақ желідегі жәбірлеуге тап болған жағдайда жеңіл өткеруге болады. Кибербуллинг адамдардың қарым-қатынасында архетиптік формада әр кезде болған және жалғаса береді. Сондықтан мұндай топтың әлімжеттігінен сақтану мүмкін емес. Қысым ешкімді таңдамайды, түрлі топ өкілі ұшырайды.
– Адамдардың бірнеше психотипі бар десек, соның ішінде бейнелі және абстрактілі интеллект иелері көбіне адамдардың эмоциясында өмір сүреді. Үнемі ойда жүреді. Айтылған әр сөздің астары мен мағынасына жіті мән беріп, жүрегіне жақын алады. Психолог мамандардың бақылауынша, осы екі типтің адамдары көбіне жиі буллинг құрбаны болып жатады, – деген психолог көп талқыға түскен Аягүлдің өліміне қатысты да пікірін білдірді.
Оның айтуынша, Аягүлдің бейнесі жоғарыда аталған психотипке жақын және жазушының келтірген кей сөз қолданыстарынан депрессиялық көңіл-күй байқалады. Кибербуллингтің соңы қайғылы жағдайға ұласуының бір себебі осында болуы мүмкін деген пікір білдірді ол.
Кибербуллингке ұшырағандар нені білген жөн?
Желіде жәбірленгендер қай бапқа жүгіне алады
Қазақстанда кибербуллингке тікелей қатысты заң жоқ. Бірақ кибербуллингтің зардабынан қорғайтын қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте құқық нормалары бар. Заңгер Әділғазы Серікханның айтуынша, адамның жеке басына қол сұғу, адамға ақпараттық жүйелер арқылы зорлық-зомбылық жасау, қорлау сияқты түрлі қылмыстары үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал адам басқа біреудің тарапынан қысымға ұшырағанын айғақтау үшін ең бірінші нақты дәлелдемелер жинап құзырлы органдарға арыз жазу тиіс. Сонымен бірге компьютерлік инциденттерге әрекет ету қызметіне kz-cert.kz-ке өтініш жазуға немесе 1400 «жедел желісіне» хабарласуына болады.
Әлеуметтік желіде адамның ар-ожданын қорғау тұрғысынан алғанда кодекс баптары қаншалықты қауқарлы деген сауалымызға заңгер Қазақстан азаматтарына толық құқықтық жағдай жасалғанын атап өтті.
– Себебі елімізде ұялы байланыс құралдарын міндетті тіркеу туралы заңдар қабылданған болатын. Осы заңға сәйке кез келген әлеуметтік желіде құқық бұзушыны оңай табуға мүмкіндік бар, – деп түсіндірді Әділғазы Серікхан.
Ішкі Істер министрлігінің мәліметінше, қылмыстық заңнамада әлеуметтік желілер арқылы қол сұғуға мүмкін болатын бірқатар қылмыс құрамдары көзделген:
105-бап. Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу (8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға);
115-бап. Қорқыту (30 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуға);
131-бап. Қорлау (200 АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не түзеу жұмыстарына, 180 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға);
147-бап. Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу (7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға);
148-бап. Хат жазысу, телефонмен сөйлесу, пошта, телеграф хабарлары немесе өзге де хабарлар құпиясын заңсыз бұзу (5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға);
194-бап. Қорқытып алу (15 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға);
274-бап. Көрінеу жалған ақпарат тарату (7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады);
Суицидке жеткізу бойынша 8 565 арыз-шағым қаралған
Қылмыстық кодекстің 105-бабына сәйкес өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзуді телекоммуникация желілерін, оның ішінде Интернет желісін пайдалану арқылы жасаған жағдайда 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Осы әрекеттер балаға қатысты жасалса 8 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру қарастырылған.
Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу дерегімен 2020 жылы жалпы 8 565 арыз-шағым қаралған. Оның 8 081 қылмыс құрамының жоқ болуына байланысты тоқтатылған. Ал биылғы 8 айда 5 950 арыз-шағым тексерілген.
– Кибербуллинг – ұлттық заңнамаға кейін ене бастаған жаңа ұғым. Ол ғаламтор кеңістігі арқылы арандатудың барлық нысандарын қамтиды. Құқықтық статистика мен есепке алуды жүргізуде «Кибербуллингтің әсерінен» деп арнайы есепке алу реквизитінің жоқтығына байланысты аталған жолмен жасалған қылмыс санын анықтау мүмкін емес, – деді ІІМ Тергеу департаментінің басқарма бастығы Ермек Шүлден.
Ая ӨМІРТАЙ, Нұр-Сұлтан