Ең қымбаты "Мамасита", ең арзаны Динара Сәтжан. Блогерлер қанша салық төлеп жүр?

Ая Өміртай

Блогерлердің табысы мен салығы жайлы бірер сөз...

Коллаж:ulysmedia.kz

Қазақстанда блогерлік мол табыс көзіне айналғалы қашан. Бірақ, осы нарықтағы қисапсыз ақша айналымын есептеп жатқандар аз. Көпшілік тек, блогерлердің өмір-салтына қызығып қана қоя салады. Бренд киетін де, жылына шетелге бірнеше рет ұшатын, қымбат мейрамханаларда жүретін де блогерлер. Ulysmedia тілшісі бұған дейін жарияланған деректер негізінде қазақстандық инстажұлдыздардың табысын есептеп көрді. Әрине, олар ашық дерекөздерде жарнама құны жайлы тіс жарған емес. Әйтсе де клиент ретінде ақпарат сұрап, бірнешеуіне хабарластық. Байқағанымыздай, қомақты ақы сұраудан тайсалмайтын блогерлер салық төлеуге келгенде асықпайтын сыңайлы.

“Super.mamasita” салықтан “босатылған”

Super.mamasita лақап атымен белгілі Әлия Байтугаеваның – 6,2 млн оқырманы бар. Ол Инстаграмға 2015 жылы тіркелген. Жеке өмірі, енемен қарым-қатынас, үш баланың тәрбиесі, босанудан кейінгі күйзеліс сынды әйелдер қауымына арналған тақырыптарды қозғайды. Ештеңені жасырмайтын, отбасының күнделікті өмірін ашық көрсететін бейне “қалыптастырған”. Ол Қазақстан нарығындағы ең қымбат блогер санатында. Прайсы төмендегідей:

  • 1 жарнамалық пост құны 3,3 млн теңге; 
  • 1 жарнамалық сториз құны 2,8 млн теңге; 

Блогер Әлия Байтугаева мемлекеттік кіріс органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Uchet.kz сайтында блогердің атында «Super Mamasita» ЖК (ИП- ред.) бар екендігі көрсетілген.

Қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, ол 2022 жылға дейін салықтан босатылған кәсіпкерлер санатында. Бұған дейін Super Mamasita-ның онлайн курсын сатып алған оқырмандары блогердің үстінен шағымданған. Олардың айтуынша, Әлия Байтугаева интернеттегі қолжетімді мәліметті саудаға салған. Белгілі болғандай, 27900 теңге тұратын курсты 28 мыңға жуық оқырман сатып алып, автор 800 млн теңгедей пайда тапқан.

Ерболат Жанабылов – 7,5 млн оқырманы бар мегаинфлюенсер. Ол инстаграмға 2015 жылы тіркелген, қазір Қазақстандағы ең танымал блогердің біріне айналды. Оның парақшасының негізгі мазмұны – отбасылық өмір, саяхат, бала тәрбиесі. Ерболаттың өзі ғана емес, әйелі Эльмира Төлегенова да белсенді – инстаграмда 6,9 миллион оқырманы бар.Олардың 5 жасар ұлы Эльнұр Жанабылов та 2,1 миллион оқырманымен Қазақстанның үздік 100 аккаунты қатарында.

Ерболат Жанабылов бір жылдан бері парақшасына жарнама салмайды. Барлық жарнама әйелі Эльмира арқылы жарияланады және оларға жарнама берудің арнайы шарты бар. Жарнама берушіні өздері іріктейтін болғандықтан, танымал блогердің отбасынан жарнама құнын тікелей сұрау мүмкін болмады. Ашық дереккөздерде Жанабыловтардың қызмет көрсету құны төмендегідей көрсетілген: 

  • 1 жарнамалық пост құны 2,5 млн теңге;
  • 1 жарнамалық сториз құны 2 млн теңге;

Uchet.kz сайтындағы мәлімет бойынша «ZHANABYLOV_E» ЖШС шағын кәсіпорын ретінде 2020 жылы тіркелген. Бірақ, екі жылда еш салық төленбеген, қарызы да жоқ.

Әлішер Елікбаев – отандық PR саласындағы ықпалды мамандардың бірі. Instagram-да 214 мың жазылушысы, Facebook-те 45 мыңнан астам оқырманы бар.

Ол Astana Group президенті Нұрлан Смағұловтың кеңесшісі болып ресми жұмыс істейді. 2019 жылы оның табысы шамамен 100 миллион теңгеге жеткен. Forbes Kazakhstan-ға берген сұхбатында

«60% табысым Instagram-дағы жарнамадан келеді. Қанша тырысқаныммен қолымнан кәсіпкерлік келмеді. Елге жақсы менеджер де керек, қандай да бір компанияның жетекшісі болу міндетті емес», дейді ол. 

  • 1 жарнамалық пост құны 2,5 млн теңге;
  • 1 жарнамалық сториз құны 500 мың теңге;

Елікбаевтың қазақстандық екі компанияда үлесі бар – Tutti Frutti (мұздатылған йогурт сату франшизасы) және Farsh Burger (ресейлік ең танымал рестораторлардың бірі Аркадий Новиковтың франшизасы). Ол ChocoFamily қазақстандық холдингінің серіктестері мен топ -менеджерлерінің бірі. Uchet.kz сайтында Әлішер Елікбаевтың атында ешқандай заңды ұйым шықпады. 

Әлібеков үш жыл бойы “табыс таппаған” ба?

Серғазы Тоқтарбек – 6 млн оқырманы бар. @Sekavines атанған әзілкеш әлеуметтік-көңіл көтеру мазмұнында вайн түсіріп, көпшілікке тез танылды. Оның өз атында ешқандай кәсіпорын тіркелмеген, сондықтан салық туралы мәліметтері анықталмады. Серғазы Sekavines school онлайн мектебінің авторы, «вайнер атанып, айына 1 млн теңге табыс табуды үйретеді». Аталған мектеп Айтекеев Т.И. ЖК (ИП- ред.)  тиесілі. Секаның жарнамалық қызмет құны:

  • 1 жарнамалық видео-пост құны 3 млн теңге;
  • 1 жарнамалық сториз құны 1 млн 500 мың теңге;

Бейбіт Әлібеков журналист, кәсіпкер. Бүгінде оның Instagram парақшасында 1 млн оқырманы бар.  Astana Watch Club қазақстандық сағат клубының негізін қалаушы. 2019 жылы Әлібеков Esentai сауда орталығында Alloff, iQS Smells Like Shit and Hommes фешн-коллекциясын ұсынатын жеке бұрышын ашты. Сонымен қатар, Alibekov брендімен ерлерге арналған парфюмерия мен кофені нарыққа шығарып келеді. Әлеуметтік желілердегі жарнама жұмысымен арнайы команда кәсіби түрде айналысады. Өзінің айтуынша, сапалы нәтиже шығару басты мақсаты. Оның прайсы:

  • 1 жарнамалық пост құны 1,7 млн теңге;
  • 1 жарнамалық сториз құны 500 мың теңге;

Сондай-ақ, Youtube арнасында сұхбат ұйымдастыру 3 млн теңге болса, іс-шара жүргізу 1,3 млн-2 млн теңге шамасында.

Бейбіт Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсованың бұрынғы күйеу баласы, үш баласы бар. 

Uchet.kz сайтында Бейбіттің атында «Информцентр» ЖШС, «R & D MEDIA» ЖШС, «R & D MEDIA» ЖШС Орал қаласындағы филиалы және «Қазақстан телерадио хабар таратушыларының ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігі тіркелген. Кәсіпкердің салық төлеу тұрақтылығы ала-құла, соңғы үш жылда мүлде төленбеген.

«ERKE ESMAHAN EMPIRE» – Әнші Еркенің империясы

Ерке Есмахан – 5,8 млн оқырманы бар. Әнші инстаграмда өзінің жеке өмірі, шетелдерге саяхаты, өнері турасындағы жаңалықтарымен бөліседі. Ірілі-ұсақты дүкендерге ара-тұра жарнама да жасайды.

  • 1 жарнамалық пост құны 1 млн 200 мың тг;
  • 1 жарнамалық сториз құны 400 мың теңге;

Ерке Әбдірашқызына тиесілі «ERKE ESMAHAN EMPIRE» ЖШС 2017 жылы тіркелген. Сол аралықта 2018 жылы 155 мың теңге, 2019 жылы 1 млн 545 мың теңге салық төлеген. 2020-2021 жылдары салық төлемеген.

Аша Матай – 4,4 млн оқырманы бар. Шын есімі Ақбота Асқарбекова. Әншіліктен бастап өзін тележүргізуші, актриса ретінде әр салада сынап жүрген Аша Матай танымалдылық әлеуетін әлеуметтік желілер арқылы да кең пайдаланады. Кәсіпкердің 91 теңге салық берешегін есептемегенде мемлекеттік бюджетке белсенді салық төлеушінің бірі деуге болады.

  • 1 жарнамалық пост құны 900 мың - 1 млн 100 мың теңге;
  • 1 жарнамалық сториз құны 300 мың теңге;

Uchet.kz сайтында Ақбота Асқарбекованың атында «АБАМА AS» ЖШС (киім жуу және өңдеу қызметі), «ASHA MATAI PRODUCTION» ЖШС (тек 2011 жылы  68 040 теңге салық төлеген), «ЛОМБАРД «БАЛТИ БАЛ» ЖШС (соңғы екі жылда салық төлемеген) сынды 3 кәсіпорын тіркелген.

«АБАМА AS» ЖШС (киім жуу және өңдеу қызметі) Мемлекеттік сатып алу сайтына 2016 жылы тіркеліп, сол жылы «Әскери оқыту резервіне монша қызметін көрсету» бойынша лот жеңімпазы атанған. Кәсіпорын жыл сайын салықты тұрақты төлеп келеді.

Жанерке Елшін – 2,8 млн оқырманы бар. «Қалаулымның» жұлдызы инстаграмда сыйлық тігуді кәсіпке айналдырған, парақшасына жиі жарнама да беріп тұрады. 2020 жылы «бәске тігілген айфон маркалы телефонды бермеді» деп оқырманы шағымданып, блогердің басы дауға да қалған. Бірақ блогердің атына тіркелген кәсіпорын табылмады. Жанеркенің жарнамасы:

  • 1 жарнамалық пост құны 400 мың-570 мың теңге;
  • 1 жарнамалық сториз құны 170 мың теңге;

Динара Сәтжан шаурманы да жарнамалайды

Динара Сәтжан – 1,5 млн оқырманы бар. Әжептәуір танымал медиа тұлға біз топтастырған инфлюенсерлер арасында ең арзан қызмет ұсынатын болып шықты. Кішігірім кеңсе тауарларынан бастап, арзанқол кафелердің, жеке-меншік білім ұйымдарының жарнамасын осы Динара Сәтжанның парақшасынан көресіз. Ал келесі күні Президент кеңесшісі Ерлан Қаринмен сұхбаттасып отыруы да ғажап емес. Қысқасы қайнаған базар сынды сан-алуан сипаттағы әңгіме осы парақшада.

Динараның прайсы:

  • 1 жарнамалық пост құны 450 мың теңге;
  • 1 жарнамалық сториз құны 400 мың теңге.

Блогердің атында 2011 жылы «Сатжанова Динара Жанабаевна» ЖК бар.  Аталған кәсіпорын мамандандырылған дүкендерде трикотаж және шұлық бұйымдарын сату, БАҚ-қа жарнама беру қызметтерін көрсетеді. Берешегі жоқ. 

2020 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда 10 млн 325 мың инстаграм қолданушысы тіркелген, бұл халықтың 54,5 пайызына пара пар көрсеткіш. Бизнес пен сауданың, қызмет көрсетудің және мемлекеттік сектордың ажырамас құралына айналған желілерді заманауи өркениеттің негізі деп санауға болады. Олардың нақты бір компаниямен серіктестігін дәлелдеу қиын болғандықтан да, осыны пайдаланып салықтан жалтарып жүргендер баршылық. Блогерлерді салыққа міндеттеу Ресей, Тәжікстан сынды көршілес ТМД елдерінде тәжірибеге ене бастады.

Ая Өміртай, Нұр-Сұлтан