Миллионы көп мемтапсырыс: Атырау әкімдігі Наурызды күзде тойлай ма?

Мият Кәшібай

Атырау облысы әкімдігі көктемде өтіп кеткен Наурыз, Бірлік күні, Халықаралық театр күні сияқты мерекелер үшін жеке кәсіпкермен қыркүйек айында келісімшартқа отырды. Ал бұл – Мемлекеттік сатып алу туралы заңғы қайшы әрекет. Өйткені кез келген мемтапсырыста алдымен келісімшарт жасалуы тиіс. Көрсетілетін қызмет, істелетін жұмыс соған сай болуы шарт. Ulysmedia тілшісі мемлекетік сатып алу талаптары бұзылған бұл тендердің жай-жапсарын анықтап көрді.

Коллаж: ulysmedia.kz

КҮЗДЕГІ КЕЛІСІМШАРТ

Қыркүйектің 27-сі күні Атырау облыстық мәдениет басқармасына қарасты Махамбет атындағы қазақ драма театры «Arsen» деп аталатын ЖК-мен келісімшарт жасасты. Оның құны – 116 млн теңге. Келісімшартқа сәйкес, тапсырысты орындаушы жеке кәсіпкер облыстық мәдениет басқармасы 2021 жылға жоспарлаған 10 іс-шараны ұйымдастыруға міндетті.

Мемсатып алу порталындағы мәліметке қарағанда, Атыраудағы театр жеке кәсіпкерге орындауға тапсырған іс-шаралар төмендегідей:

  1. «Ұлыстың ұлы күні» мейрамы. Бағасы 25,2 млн.
  2. 27 наурыз халықаралық театр күніне арналған мерекелік шара. Бағасы – 11 млн.
  3. Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған театрландырылған мәдени көпшілік шара. Бағасы 19,3 млн.
  4. Театрдың кезекті маусымының жабылуы. Бағасы 2,5 млн.
  5. Театрдың кезекті маусымының ашылуы. Бағасы 25 млн.
  6. Театрдың ардагер актеры Қайыржан Махмутовтың 85 жасқа толу мерейтойына арналған шығармашылық кеші. Бағасы5 млн.
  7. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Т.Жангедиевтің 70 жасқа толу мерейтойына арналған шығармашылық кеші. Бағасы6 млн.
  8. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Чапай Зұлқашты еске алуға арналған республикалық фестиваль. Бағасы25 млн.
  9. Рақымжан Отарбаев туралы фильм түсіру. Бағасы11,8 млн.
  10. Халел Досмұхамедов университетінде өтетін ғылыми конференция. Бағасы8 млн.

Тендердің техсипаттамасында жоғарыдағы іс-шаралардың бірде-бірінің нақты қай күні өтетіні жайлы ақпарат жоқ. Бірақ келісімшарттың 2021 жылы аяқталатыны анық көрсетілген. Қазақстанда үкімет бекіткен «қызыл күнтізбеге» сай, «Ұлыстың ұлы күні» меркесі мен Халықаралық театр күні наурыз айында, Бірлік күні мамырда тойланатыны белгілі. Ал елдегі театрлар жаз басталғанда демалысқа шығып, күздің алғашқы айында жаңа маусымын бастайды. Бұл – техсипаттамада көрсетілген 10 іс-шараның кемінде бесеуі келісімшарт жасалмастан бұрын өтіп кеткенін аңғартып тұрған бірден-бір факт.

Жалпы бұл тендер тікелей бір көзден сатып алу тәсілі арқылы өткен. Яғни, тапсырыс беруші (Махамбет атындағы қазақ драма театры) тендер жеңімпазын анықтарда конкурс өткізбеген, бірден «Arsen» ЖК-мен келісшарт жасасқан.

АТЫРАУДА НАУРЫЗ ҚАШАН, ҚАЛАЙ ТОЙЛАНДЫ?

Биыл Атырауда Наурыз мерекесіне орай бір іс-шара өткен. Оған біз мақалаға арқау етіп отырған Махамбет атындағы қазақ драма театрының тікелей қатысы бар. Бұл жайлы наурыз айында бірнеше БАҚ жазды. Мысалы, биылғы 22 наурыз күні мемлекеттік «Егемен Қазақстан» газетінің сайты «Атырауда Наурыз мерекесі аталып өтті»  деген ақпарат жариялады.

Мембасылымда жарық көрген сол мақалада Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының әртістері Наурыз мерекесіне орай театрландырылған қойылым қойғаны жазылған. «Егемен Қазақстан» газетінің мәліметіне сенсек, Атыраудағы сол шарада театрдың өз әртістерінен бөлек, облыстағы бірнеше ауданан келген әншілер мен бишілер өнер көрсеткен.

Ал Атыраудағы жергілікті «Ақ Жайық» басылымы жариялаған фотолар мен видеодан Наурызға арналған іс-шараның далада құрылған сахнада өткенін аңғару қиын емес.

Екі басылымда жарияланған мақалада да мерекелік шараға кімдер қатысқаны жазылғанымен, Наурызды нақты кім ұйымдастырғаны айтылмайды.

116 МЛН ТЕҢГЕГЕ МЕМТАПСЫРЫС АЛҒАН ЖЕКЕ КӘСІПКЕР КІМ?

Атыраудағы Махамбет атындағы драма театрдан көктемдегі мерекелерді ұйымдастыруға күзде тапсырыс алған «Arsen» компаниясының иесі – 28 жастағы Гүлден Күнеева. Ол биылғы 18 ақпанда жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуден өткен. Мекен жайы – Атырау қаласы.

Ресми тіркелгеніне жеті айдан асса да, Күнеева жеке кәсіпкер ретінде мемлекетке әлі салық төлемеген. Бұл оның осы уақыт аралығында жұмыс істемегінін білдіреді. Алайда Күнеева соған қарамастан Махамбет атындағы драма театардан құны 116 млн теңгеден асатын мемтапсырысты бір көзден алды.

Негізі мемтапсырысты бір көзден сатып алу тәсілі арқылы өткізуге заң бойынша рұқсат бар. Алайда сарапшылар «бұл тәсіл жемқорлық қатерін арттырады» деп есептейді. Өйткені тапсырыс беруші мекеме тендер жеңімпазын анықтау үшін ашық конкурс жарияламайды. Өзіне ыңғайлы компанияны таңдап алып, сонымен келісімшарт жасасады.

Әдетте тапсырыс беруші бір көзден сатып алу тәсіліне жүгінгенде, тәжірибелі, өз саласында өнімді жұмыс атқарып отырған компанияны таңдап алады. Ал Атырау облысы әкімдігі мәдениет басқармасына қарасты театр 116 млн теңгенің тендерін құрылғанына жеті айдан асса да, мардымды жұмыс істемеген, мемлекеттік тапсырыс орындауда еш тәжірибесі жоқ жеке кәсіпкерге бір көзден берді. Бұған қоса, келісімшарт өтіп кеткен іс-шаралар үшін де жасалған.