Ulysmedia мақаласынан кейін Атыраудағы облыстық драма театр директоры Берік Жаменов театр не себепті жеке кәсіпкермен көктемде өтіп кеткен мерекелер үшін қыркүйек айында келісімшарт жасасқанына түсініктеме берді. Оның айтқандарын 14 қазан күні атыраулық Аtpress.kz сайты жариялады.
Алдыңғы күні, 13 қазанда Ұлысмедиаға «Миллионы көп мемтапсырыс: Атырау әкімдігі Наурызды күзде тойлай ма?» деген мақала шыққан. Мақалада Атыраудағы театр көктемде өтіп кеткен Наурыз, Халықаралық театр күні, Бірлік күні сияқты мерекелер үшін Arsen жеке кәсіпкерлігімен қыркүйектің аяғында келісімшарт жасасқаны, бұл Мемлекеттік сатып алу туралы заңға қайшы екені жазылған.
ТЕАТР ДИРЕКТОРЫ НЕ ДЕЙДІ?
Берік Жаменовтың жергілікті сайтқа айтқанына қарағанда, өзі басқаратын театр Arsen ЖК-мен құны 116,3 млн теңге болатын келісімшартқа 10 наурызда отырған. Бірақ кейін бұл келісімшарттың мемсатып алу порталында жоқ екенін байқаған. Оның сөзінше, келісімшарттың порталда тұрмауына жауапты маман кінәлі.
«Жауапты маманға тәртіптік жаза қолдандым. Ол кемшілікті жою мақсатында атқарылған, қаржысы төленген жұмыстарды ашық порталға бір дереккөзден мемлекеттік сатып алу тәсілі негізінде жариялаған. Бұл туралы ол маған ескерткен жоқ. Келісімшартта көрсетілген 116 300 000 теңгенің қазірге дейін тек 54 850 000 теңгесі игерілді. Атқарылған жұмыстардың қаражаты қабылдау актісіне сәйкес, іс шаралар өткізілген наурыз, мамыр, маусым айларында банктегі есеп шот арқылы төленді», - дейді театр директоры Аtpress.kz сайтына.
БҰЛАЙ БОЛУЫ МҮМКІН БЕ?
Жаменовтың жергілікті сайтқа айтқаны қисынсыз. Өйткені театр жеке кәсіпкерге бюджеттен ақша бөлінетін қандай да бір іс-шараны өткізуге тапсырма беру үшін ең алдымен келісімшарт жасасуға міндетті. Ал Мемлекеттік сатып алу туралы заңға сәйкес, келісімшарт тек Satypalu.gov.kz ресми сайтында жасалып, ашық көрініп тұруы тиіс. Егер театр Arsen ЖК-мен 10 наурызда келісімшартқа отырған болса, ол автоматты түрде порталда тұратын еді.
Жаменовтың айтқанын жоққа шығаратын тағы бір факт бар. Махамбет атындағы театрдан 116 млн теңгенің мемтапсырысын конкурссыз алған Arsen жеке кәсіпкерлігі мемсатып алу порталына биылғы 19 мамырда тіркелген. Негізі кез келген жеке кәсіпкерлік пен жеке компания мемлекеттік мекемемен келісімшартқа отыру үшін алдымен порталға тіркелуі шарт. Ал Атыраудағы театр порталға тіркелмеген ЖК-мен қалай келісімшарт жасасқаны түсініксіз.