Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Атырауда өткен ғылыми конференцияда қазақтың дәстүрін жоққа шығарып, ел ішіне ылаң салып жүргендер бар екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Экстремизмнің алдын алу үшін ұлттық салт-дәстүрді, дұрыс шариғатты дәріптеу қажет деп есептеймін. Дәстүр дегеніміз – елімізде қалыптасқан діни тәжірибелер тізбегі және біздің өмір сүру салтымыз. Бүгінде қазақтың дәстүрін жоққа шығарып, ел ішіне ылаң салып жүргендер жоқ емес. "Қазақ дінсіз болған" деген сынды шала түсініктегілер елімізді ислам дініне енді тәй-тәй басқан баладай көрсеткісі келді, – деді бас мүфти.
Наурызбай Тағанұлының айтуынша, жат ағымдардың қаражат табу, билікке бару сынды көздеген мақсаттары болады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Түркістан облысында діни ағым өкілдері есірткі зертханасын ұйымдастырған
Олар бұл әлемді өз қалауына қарай өзгертуге тырысады, дәстүрлі құндылықтарды толығымен жойып жібергісі келеді. Радикализм мен экстремизмге жетелейді. Осы ретте айта кету керек, деструктивті ағымдар тек ислам дінін жамылып, өз ниеттерін жүзеге асырмайды, жат ағымның протестанттық және шығыстық түрлері де бар. Ең қызығы, жат ағымдардың қаражат табу, билікке бару, өз идеологиясын тарату сынды көздеген мақсаты болады, – деді бас мүфти.
17 ақпанда Ұлттық қаупсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, Бас прокуратураның үйлестіруімен жүзеге асырған операция шеңберінде Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жетісу облыстары және Шымкент қаласында 8 топты бейтараптандырылғанын хабарлады.
ҰҚК хабарлауынша, олардың ортасында деструктивті діни ағым жақтастары бар 23 адам ұсталған. 17 адам уақытша ұстау изоляторына қамалды, ал 6 қатысты келу туралы міндеттеме қолданылды.
Олар ауыр және аса ауыр қылмыстарға, соның ішінде терроризмді насихаттау, адамдарды ұрлау, қорқытып алу, сондай-ақ есірткі заттары мен ату қаруының заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікке ілінген.