«Өртеп жібереміз деп бензин әкеліпті». Белгілі заңгер Талғардағы оқиғада заңға бағынуға шақырды

Әлихан Асқақ

Белгілі заңгер Ләззат Ахатова Талғардағы 16 жастағы баланың өліміне қатысты мәселеде заңға жүгінуге шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia

ЫҚПАЛДЫ ТУЫСТАРЫ БАР

Талғардағы жағдай бәрімізді алаңдатып отыр... Естуімше, сыра ішем деп есіріп, біреудің әлпештеп отырған баласын әке-шешесінің көзінше өлтірген оңбағандар Алматыдағы ықпалды кісілердің туысы деседі. Кей дерек бойынша, оқиғаға 11 жігіт, 2 қыз қатысы бар көрінеді. Қазір оқиғаға қатысты 7 жігіт ұсталыпты. Қалған төртеуі бостандықта жүр, – деп жазды заңгер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның жазуына қарағанда «ықпалды туысы бар осылар» екен.

Кеше Талғарда бір топ жергілікті тұрғын полиция басқармасының алдында жиналыпты. Егер тергеуді әділ жүргізбесе, өртеп жібереміз деп канистрмен бензин әкеліпті. Бір жағынан, жергілікті тұрғындарды түсінуге болады. Таныстары арқылы кінәлілер жазадан құтылып кетеді деп алаңдайды. Дегенмен заңды аттап өтіп, «қанға қан» деген ұстанымға сүйену дұрыс емес. Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кінәлілер ұсталады. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов оқиғаны тікелей бақылауына алғанын мәлімдеді, – дейді Ләззат Ахатова.

ЗАҢМЕН ШЕШКЕН ДҰРЫС

Елімізде қылмыс жасап, сосын жазадан құтылып кету үшін түрлі құйтырқы әрекетке баратындар табылады. 

Дегенмен ондай құтырып, ойына келгенді істейтіндерге «самосуд» емес, заңды жазаға тарту керек. Қалай дегенмен, біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз ғой. Министр бақылауына алған екен. Енді, қылмыскерлер қайда барса да, қашып құтыла алмайды. Халық та бұған жол бермейді. Бірақ «самосуд» жасап, күш қолдану қажет емес. Қатаң жаза қолдануды талап етіп, қоғамдық бақылауда ұстайық, – деді заңгер.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салсақ, бұған дейін Талғарда бір топ жігіттің қолынан қаза болған жасөспірімнің туыстары күдіктілердің жартысы ұсталмағанын, сол үшін әділдік іздейтіндерін айтқан болатын. Ал Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді бозбаланың отбасына тегін адвокат тауып бергені туралы хабарлағанбыз.