Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Ана тілі” газетіне көлемді сұхбат беріп, Қазақстандағы бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты ойын айтты, – деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тоқаев уақыт белдеуіне қатысты жағдайды көріп-біліп отырғанын айтты.
”Үкімет өз шешімінің орынды екеніне сенімді және Қазақстан бір уақыт белдеуінде болуы қажет деп санайды. Уақытты дұрыс пайдалану туралы Барселона декларациясында әртүрлі уақыт белдеуін енгізуге, оны қысқы және жазғы уақытқа ауыстыруға әуес болмау қажеттігі айтылған. Дегенмен азаматтарымыз өтініш білдіріп жатыр. Үкіметтің шешіміне қатысты ашық талқылаулар жандана түсті. Меніңше, қоғамда көзқарас қайшылығын тудыратын мұндай мәселелерді мұқият талқылау қажет. Сондықтан Парламентте ғалымдардың, сарапшылардың және аймақ өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдау өтті. Тараптар уақыт белдеуін ауыстырудың ел экономикасына және азаматтардың тұрмысына әсері жөніндегі барлық пікірді ескере отырып, 1 наурызға дейін жан-жақты зерттеу жүргізуге уағдаласты. Содан кейін нақты ұсыныстар әзірленеді. Парламент пен Үкімет бұл мәселені байыппен зерделеп, ортақ әрі дұрыс шешімге келетініне сенімдімін”, – дейді Тоқаев.
Айта кетейік, бұған дейін бірыңғай уақытқа көшудің халық денсаулығына әсерін зерттеу басталғаны хабарланған болатын. Бұл туралы биомедицина, нейроғылым, биофизика, генетика, астрофизика, метрология және медицина саласындағы ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен өткен «Бірыңғай уақыт белдеуі: ғылыми аспектілер» дөңгелек үстелінің жұмысы барысында белгілі болды.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, зерттеу уақыт режимі өзгерістері қазақстандықтардың физикалық және психикалық денсаулығына, сондай-ақ әлеуметтік және экономикалық көрсеткіштерге әсерін зерттеуге бағытталған.
160 МЛН ТЕҢГЕ
Бұған дейін Қазақстанда уақыт белдеуі әсерін зерттеуге 160 млн теңге жұмсалатыны хабарланған. Министр бұл өтінім үш жылдық бюджетке арналып отырғанын, бірақ іс жүзінде кемі жартысына, шамамен 90-100 миллион теңгеге дейін кемитінін айтқан. Ал DEMOSCOPE бюросы жүргізген сауалнамаға сай, қазақстандықтардың жартысынан көбі бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы
ЖАҢА УАҚЫТ БЕЛДЕУІ
Қазақстан биыл 1 наурыздан бастап жаңа уақыт белдеуіне көшіп, бүкіл елде уақыт теңестірілді. Алайда бұл барлық тұрғынға бірдей қолайлы болмай шықты. Қазақстандықтар тіпті уақытты кері қайтару туралы петиция жариялап, оған қысқа уақытта 50 мың қол жиналған. Мәжілістің бір топ депутаты да жаңа уақыт белдеуіне қарсы пікір білдірген. Бірақ үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне өтудің дұрыстығын қайталаудан танбай келеді. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің мәліметінше, қолданыстағы UTC + 5 сағаттық белдеуі Қазақстан аумағының көп бөлігіндегі табиғи күн циклдеріне сәйкес келеді.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин уақыт белдеуінің өзгеруі қазақстандықтардың денсаулығына әсер етеді әрі электр энергиясын шамадан тыс тұтынуға алып келеді деген уәж расталмады деген.