Тергеу Темірлан Еңсебектің телефонын рұқсатсыз ақтарып, бұғаттап қойған – адвокаты

Аян Өрібай

Алматыда Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің ісі бойынша баспасөз концеренциясы өткізіліп, саясаттанушылар мен «Оян, Қазақстан» қозғалысының мүшелері, адвокаты ойларын ортаға салды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia

СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ МҮШКІЛ КҮЙДЕ

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов Темірлан Еңсебектің кейсімен алғаш рет 2021 жылы танысқанын айтады. Сол кезде Темірланға қылмыстық кодекс бойынша айып тағылған. Қазақстан бойынша 2021 жылы Freedom House есебін дайындауға қатысқан Шалқар Нұрсейітов сол кезде медиа бостандығы деген тақырыпшаның ішінде Темірланның кейсін кіргізген.

Өкінішке қарай қазір біз дежавю сезімін бастап кешіп отырған сияқтымыз. Арада төрт жыл өтсе де. 2022 жылы Қаңтар қырғынынан кейін мамыр айында Темірланның үстінен іс қозғалып, қылмыстық құрамның болмауына байланысты іс тоқтатылған еді. Бірақ қазір көріп отырмыз. Биліктің бойында постқаңтарлық синдром өршіп бара жатқанына көзіміз жетіп отыр. Темірланға қатысты істің саяси астары барын бәріңіз де білесіздер. Не үшін қорқынышты тренд? Өйткені бізде сөз бостандығы Қазақстанда өте мүшкіл күйде. Қазақстанда халықаралық журналистиканың стандарттарына сай келетін редакциялар бір қолдың саусағымен санарлық. Еркін сөзін айта алатын, шындықты айтқаны үшін қудаланбайтын жағдайлар жоқ десек те болады. Темірланды қолдап шыққан журналистер де 15 күнге жабылды. Бірақ бұл әлі де болса еркіндіктен үміт үзбеген азаматтар бар екенін көрсетеді. Осыны айтқым келеді. Өйткені сатираға тыйым салу – сөз бостандығының ең бір индикаторларының бірі. Егер оған тыйым салынса, ол еркін ойға тыйым салу, ой қылмысы ретінде бағалануы керек, - дейді ол.

Саясаттанушының айтуынша, кейінгі 10 жылда сатираға тыйым салған елдер санатынан Мысыр, Кувейт, Тайланд, Түркия, Ресей, Беларусть, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан көрінген. «Қарап тұрсақ, сатираға тыйым салу экономикалық, саяси, мәдени даму жағынан кенже қалған мемлекеттерге тән» дейді ол.

ӘН – ІС ҚОЗҒАУҒА НЕГІЗ БОЛА АЛМАЙДЫ

Жиында «Оян, Қазақстан» қозғалысының мүшелері де сөйледі. Соның бірі Бота Шәріпжан іс жүзінде 174-бап экстремизммен күрес үшін емес, билікке ұнамайтын, тәуелсіз үнді басу үшін қолданылатын нормаға айналғанын айтады. 2016 жылы осы баппен Макс Боқаев пен Талғат Аян, түрмеде азапталған Тимур Дәнебаев сотталғанын есіне алады. «174-бап саяси қысым жасауға бағытталған деуге болады» дейді ол.

Темірланның ісінде «Йоу, орыстар» деген әнді жариялағаны жайлы жазылған. Осы әнді орындағаны үшін Темірланның құрбысы Мария Кочетова да 2024 жылы «ұсақ бұзақылық» бабымен 10 күнге қамалған. Біз аталған ән тыйым салынған немесе экстремистік материалдар тізімінде жоқ екенін атап өткіміз келеді. Сол себепті құқық қорғаушылар мен белсенділердің пікірінше, ол ән айыптау үшін заңды негіз бола алмайды, - дейді ол.

Қозғалыстың тағы бір мүшесі Жанел Шахан жалпы бұл жағдай медиакеңістікті тазарту науқанының бір бөлігі деп есептейді. Жемқорлық, репрессиялар немесе адам құқықтарының бұзылуы сияқты мәселелерді қозғағандардың бәріне қауіп төніп тұрғанын айтады. «Біз тәуелсіз журналистиканы жоюға бағытталған бұл үрдістерге алаңдаймыз. Темірланның қудалануы билікке сын айтқан кез келген адамды репрессиялауға болатынын көрсететін қалыпты жағдай қалыптастырады» деп есептейді ол.

Адвокаты Жанар Балғабаева Темірлан Еңсебектің қудалануының заңды негіздері жоқ деп есептейді.

Оның қазір посттары қалай жалғасып жатқанын білу үшін тінту жүргізіліп, телефонын іздеп жатыр. Бұл 2024 жылдың 21 қаңтарындағы пост үшін емес, жұмысы үшін сотталып жатқанын білдіреді. Темірланның көзінше, телефонын тексеруіміз керек еді. Алайда тергеу амалдарына келген кезде Темірланның телефоны мен ноутбугы ашылып қойғанын білдік. Біз оған кіре алмадық. Өйткені бұғатталған. Тергеу амалдары да қандай да бір ақпаратты алуға, сол үшін заңды бұзуға дайын екенін білдіреді. Темірланның ұялы телефонына санкциясыз кіру оның саяси көзқарасы үшін ұсталғанын білдіреді, - дейді адвокат.

Жанар Балғабаеваның сөзінше, Темірлан Еңсебек өзін қолдап жатқан азаматтардың бәріне алғысын айтып жатыр.

ТЕМІРЛАН ЕҢСЕБЕК НЕ ҮШІН ҰСТАЛДЫ

QazNews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті полиция 17 қаңтарда үйіне тінту жүргізгеннен кейін ұстап әкеткен. 18 қаңтарда Еңсебек екі айға қамауға алынды. Оған «ұлтаралық алауыздық қоздырды» деген айып тағып отыр. Полиция қылмыстық істің себебі – ұлтаралық араздықты қоздыру және этностардың бірінің өкілдерін қорлау белгілері бар материалды жариялау болған. «Йоу, орыстар» әнін Еңсебек паблигіндегі бір постқа пайдаланғаны хабарланады.

Еңсебек күдікті деп танылған баптың санкциясында айыппұл, бостандығын шектеу немесе екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған. Еңсебектің адвокаты Жанар Балғабаеваның айтуынша, оның қорғауындағы сатиралық паблик авторына қарсы іс қозғап, тергеу бастауға әлеуметтік желіні бақылайтын полиция қызметкерінің рапорты негіз болған.

Темірлан Еңсебек ұсталғалы оны қолдап, бірнеше адам «Сатира – қылмыс емес» деген жазумен пикетке шыққан. Оның кейбірі 10, кейбірі 15 тәулікке қамаласа, кейбіріне айыппұл салынды. Заңгер Сергей Уткин «жалғыз пикетке шықсаң да әкімдікке алдын ала хабарлама жіберу керек, сондықтан белсенділерді әкімшілік кодекстің 488-бабы бойынша – бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнаманы бұзғаны үшін деп ұстап әкетіп жатыр» дейді.

Ділназ Бишер, Аян Өрібай