Ulysmedia 2021 жылы қандай оқиғалар мен есімдер есте қалғанына тоқталды. Жақсы да жаман жағдаяттың артында жауапты тұлға бар. Бұл топтама қоғам пікірі мен ресми дерек негізінде түзілді.
Жыл қатері – АЭС құрылысы
«Жыл қатері» ретінде біз осы АЭС жобасын атауды жөн көрдік. Қазақстан билігі, елде атом электр стансасы салынатынын әр жерде бір айтып жүр. Тоқаев бұл «не популярный» шешім екенін мойындады.
Ал экологтардан бастап, энергетиктерге дейін бұл жобаның елге қажеті жоғын алға тартады. АЭС салынса, электр қуаты 6 есе қымбаттайтынын ескертеді.
Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев АЭС салу алдында қоғамдық тыңдаулар өткізуге уәде беріп отырғанымен, БАҚ-та стансаның қай жерде салынатыны туралы да ақпарат тарап кетті.
АЭС құрылысы жайлы сөз қозғалғанда Ресейдің атауы неліктен бірге аталады? Жоба Ресейдің Қазақстанға ықпал ететін саяси құралына айналмай ма? Жұртта күдік көп.
Жыл трагедиясы – Жамбылдағы жарылыс
Биыл 26 тамыз кешкісін Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы 28349 әскери бөлімі аумағындағы оқ-дәрі сақталатын қоймада жарылыс болды. Сабақ алмау мен салғырттық салдарынан қаза тапқандар саны он жеті адамға жетті. Оның ішінде 10 азаматтық қорғау органдарының қызметкері, Қорғаныс министрлігінің 6 әскери қызметкері және бір әскери прокурор бар. Жоғалған тағы бір адам әлі іздестіріліп жатыр. Арыстан сабақ алмаған Қорғаныс министрлігінің басшысы Нұрлан Ермекбаев осыдан кейін отставкаға кетті.
Қайғылы жағдайдан кейін оқиға орнына Ulysmedia.kz тілшісі арнайы барып деректі фильм түсірген еді. Жамбыл облысындағы жарылыс басқа салалар секілді қорғаныста да кем-кетік көп екенін дәлелдеп кетті.
Жыл қитұрқылығы - БЖЗҚ-ның жеткілікті шекті өсіріп жіберуі
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақының бір бөлігін алу туралы бастама жыл бойы толастамай жазылған тақырыптың бірі болды. Тоқаев әу баста осы реформаның арқасында 700 мыңға тарта адам баспаналы болатынын мәлім еткен еді. Айтқаны орындалды – 730 мыңға жуық адам ақшасын алып үлгерді. Алайда желтоқсанның басында зейнетақы шегінің көтерілетіні туралы ақпарат ашық күнде түскен найзағайдай ел ішін дүрліктіріп жіберді. Жекелеген экономистер бұл реформаны құрдымға теңеп жатыр. Ал бекітілген жаңа шек 2022 жылдың сәуірінде күшіне енеді.
Ең қиыны, осы реформа елдегі баспана бағасын шарықтатып жіберді. Зейнетақының шекті сомасынан артығын көбіне тек үй-жайы, баспанасы бар адамдар пайдаланды. Ал жүз мыңдаған адамның мәселесі шешілгенімен, миллиондаған азамат үшін үй бағасы қымбаттап кетті.
Жыл жеңілісі – Талдыкөл
Талдыкөлдің басында талай тартыс болды: аққу кейпінде аналар акцияға шықты, қаншама белсенді сенбілік өткізді, үндеу жолдады, митинг ұйымдастырды. Даудың ушыққаны соншалық, бұл жөнінде Ақордадан Абаевқа дейін реакция білдіруіне тура келді.
Алайда астанадағы белсенділер көлді құтқармаққа қанша талпынғанымен, құрылыс компанияларының басшылары дегенін істеп жатыр.
Құрылыс тоқтамай, көл тағдыры құрдымға кететін түрі бар. Күштінің арты диірмен тартадының кері осындай екен. 2021 жылғы жеңіліс – Талдыкөлдегі тартыстың нәтижесіз аяқталуы болып отыр.
Жыл қасіреті – Суицид
Алматыда үш баласымен терезеден секіріп кеткен әйелдің өлімі бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді. Полиция қазаға отбасылық жанжал себеп болғанын хабарлады. Қайғылы жағдай туралы жантүршігерлік деректер тарады. Оқиға қазақ әйелдерінің де қасіретін сезіндірді.
Жалпы Қазақстанда суицид өршіп тұр. 2021 жылы үш айдың өзінде 834 қазақстандық өз-өзіне қол жұмсады. Еліміз әлемде суицид ең көп тіркелетін 10 елдің бірі. Бұл қасірет емей не?
Жылдың жанайқайы – Жұт
Биылғы қуаңшылықтың салдары оңтүстік-батыс өңірлерді жұтқа ұшыратты. Нәубеттің кесірінен мал жұтап, Маңғыстау өңіріне жем-шөп жеткізу мәселесі мұңға айналды. Әкімдік ресми есепке, ал малшылар жоғалтқан мал басының санына сүйенетіндіктен, шығынның шынайы есебі белгісіз болып отыр. Тұрғындардың жанайқайы жалпақ жұртты да селқос қалдырған жоқ. Халық өз арасында жылу жинап, шөп орысып, артысып атсалысып жатты.
Елде биыл қуаңшылық болатынын ресми органдар алдын ала білмей қалған жоқ. Ендеше неліктен әрекет ертерек жасалмады?
Жыл масқарасы – Тұрсынбек Қабатовтың өтірігі
Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесінен жоғары ұпай алу үшін қызының орнына басқа адамды кіргізген Тұрсынбек Қабатовтың оқиғасын ел көпке дейін ұмыта алмады. Nomad City Hall мемлекеттік мекемесін басқаратын шоумен Тұрсынбек Қабатов өзін Нұрбек деп таныстырған репетитормен болған 10 минуттық әңгімені жариялады. Онда Қабатов «репетитордан» есеп алып, желідегі шуға кінәлі етіп көрсетеді.
Осы оқиғадан соң көпшілік Қабатовты бұл әрекетті қолдан ұйымдастырды деп айыптады. Жуырда астаналық сот Нұрбек Қанайды 1 жылға соттап жіберді. Ал «жазатайым жапа шегіп қалған» Тұрсынбектің мұртын балта шаппады.
Жыл мойындауы – Цойдың қателігін түсінуі
Елжан Біртанов ұсталып кеткеннен кейін денсаулық сақтау саласындағы бүкіл міндет Алексей Цойға жүктелді. Жаңа министр тырысып баққанын мойындау керек. Осы басшының тұсында Қазақстан өз вакцинасын шығарып, жетпегенін шетелден әкеліп, жұртты жаппай вакцина алуға үгіттеді. Алайда екпеге қарсы халықтың бір бөлігінің консервативті көзқарасынан айныта алған жоқ. Елде әлі де екпе алмағандар көп.
Алексей Цой бастаған денсаулық сақтау саласындағы шенеуніктердің тағы бір кемшілігі – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен мойындалған вакцинаны елге тым кеш әкелуі. «Pfizer» вакцинасының өзін ақылы қылуға байланысты көп сұрақ туындаған. Сонда «отандық және ресейлік екпеге сенім жоқ па?» деген де мәселе бар. Қалай дегенмен, Алексей Цой пандемия қызған тұста келіп, аяқталмаған уақытта лауазымын «өз еркімен» босатуы – оған жүктелген міндеттің ақтала қоймағанын білдіреді.
Жылдың ең «жабық» министрі – Серік Шәпкенов
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновті «лайықты тағына» отырғызу керек. Елге қажет ең маңызды саланың тізгінін ұстағанымен, алдыңғы министрлер секілді Шәпкенов ашықтық таныта алмай жүр. Құзырлы мекемелердің кулуарында ғана «ұсталып» қалатын министр БАҚ-қа бейіл емес. Әлеумет министрдің түрін де танымауы мүмкін. Интернеттегі іздеу жүйесінде суреттері сирек кездеседі. Біле жүріңіз, Серік Шәпкенов деген қаһарман осы болады.
Оған қоса зейнетақының артық бөлігін пайдалануға қатысты жыл соңында шу шыққан кезде Еңбек министрлігі алдыңғы ақпаратын жоққа шығарып, оны таратқан қызметкерін жазалағаны бар. БАҚ-тан қорқатын басшысының олақтығы қарамағындағы қызметкерлерге де тән бе деген ой туады.
Жыл копирайтері – Қайрат Келімбетов
Жыл «копирайтері» деген «орынтаққа» бір жыл бойы ұлттық жобаларды жарнамалаған Қайрат Келімбетовті отырғызуға болады. «PROJECT MANAGMENT» деп, бұған дейінгі мақсат пен міндет мүлде бөлек болады деп қанша мақтағанымен, экономистер Келімбетовтың осы сөзіне күмәнмен қарайды.
Оған қоса ұлттық жоба атаулының Ресейде осыдан бірнеше жыл бұрын басталуы да күмәнді қоюлата түскен.
Айтпақшы, осыдан 6 жыл бұрын дәл осы Келімбетовтың тұсында теңге 80% әлсірегенін ескерсек, оның бүгінгі «стратегиялық жобаларына» күдіктене қарайтын экономистерді түсінуге болады. Келімбетов «девальвация болмайды» деп уәде еткенімен, теңге сол тұста теңселіп қалған болатын.
Келімбетовтың жақында ғана АЭС туралы «Коммерсантъ» газетіне берген сұхбаты бар. Көрші елге есеп берген сипаттағы сұхбатты сынап жатқандар көп.
Жыл «мешкейі» – Өмірзақ Шөкеев
Түркістанды түлетуге миллиардтаған сома бөлінді. Мәселен, 2019 жылға дейін өңірде өнер, ойын-сауық және демалыс саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция 8 млрд теңгеден аспаса, 2020 жылы бұл сома бірден 125,3 млрд теңгені құраған. Биыл да инвестиция өсімі жалғасқан. Осылайша, 2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ол 80,8 млрд теңгеге жетті. Ал елдің қалған 16 өңірінде инвестицияның жалпы көлемі 86 млрд теңгені құрады.
Осылайша, республикалық бюджеттен ең көп ақша алатын Түркістан облысы (402 млрд теңге) келесі жылы тағы басқа өңірлерге қарағанда екі есе көп қаражатқа иек артып отыр.
Түркістанға миллиардтар бағытталып жатса да, ондағы халықтың жағдайы аса мәз емес.
Түркістан облысындағы халықтың аса бақуатты тұрмайтынын мына саннан көруге болады: осы жылдың 17 желтоқсанына дейін облыста бар-жоғы 1188 адам зейнетақысының артқан бөлігін пайдалана алған.
Яғни Түркістандағы халықтың басым көпшілігінің зейнетақы қорында алатын артық ақша да жоқ екені осыдан байқалады.
Соған қарамастан өңір жиын-тойға ақшаны аямайды. Биыл саммит өткізу үшін жеке компания әкімдіктен 346 млн теңге тендер алды. Оған қоса 246 млн теңгеге «Бөрте» спектаклін сахналағаны тағы бар.
Ал театр директоры болса, бірнеше млнд теңгеге қол сөмке алады. Гламур өмір сүреді.
Жыл «рекордсмені» – Махамбет Досмұхамбетов
Үш бірдей орынбасары жемқорлық жасады деп күдікке ілінген Атырау облысы әкіміне Ulysmedia-ның «жыл рекордсмені» аталымы бұйырды. Әкімнің таяуда істі болған орынбасары Бақытгүл Хаменова қазір тергеу изоляторында.
Халық көкейінде бір ғана сұрақ бар: Досмұхамбетов отставкаға кету жөнінде өтініш бере ме? Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр, неде болса соңғы сөз президентте.
Жыл тартысы – Балғынбек Имашев VS Рақым Ошақбаев
Өлмек пе, қалмақ па – ендігі сауал екіұдай! Бұл Гамлеттің әйгілі сауалы емес, вакцина алудан қорқақтаған бүгінгі қазақтың жан дауысы. Билік, Құдай, Ғылым үштігі жан-жаққа тартқанда кімге сенерін білмеген халық арасынан түрлі «батырлар» бой көрсетті.
Мәселен, белсенді антиваксер Айна Бакеева халықты вакцина алмауға үндеп, мектепке дейін кіріп кетіп, шу шығарды. Ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін айыпталды. Бакееваның тыныс алу жаттығуын жасағаннан болуы мүмкін, журналистің жағдайы күрт нашарлап, қайтыс болды. Антиваксерлер арасында айтыскер Балғынбек Имашев те бар.
Дегенмен Балғынбек кейін ойынан айнып, вакцина алғанын мойындады. Бұл туралы желіде «Ел үшін егілемін» азаматтық штабы бастама тобының өкілі Рақым Ошақбаев мәлімдеді.
Ресми дерекке сүйенсек, бүгінде 9 млн-ға жуық қазақстандық вакцинаның II компонентін алған.
Жыл «судырахметі» – Әсет Ирғалиев
Ирғалиев журналистерге «Отбасымызбен күніне тамаққа 50-60 мың теңге жұмсаймыз» деген еді. Бірақ «бұл бір айда ма?» деп нақтылаған кезде «иә» деген жауабы көпшіліктің күмәнін туғызды. Осылайша білдей министр азық-түліктің қымбаттауынан, бағаның үнемі өсуіне қатысты халық шағымынан хабары бар, жоғын айта алмады.
Министр Ирғалиевтің бұл жауабы мемге айналды. Белгілі иллюстратор Мұрат Ділманов министрді әжуалап 50 мың теңгелік «банкнот» та шығарды. Айтпақшы ең жас министр қазақшаға шорқақ. Репетитор жалдап оқып жүргенін бір жыл бұрын хабарлаған. Бірақ нәтиже байқалмайды.
Жыл жылпосы – Бағдат Мусин
Ресейлік Сбер Үкіметтің электронды платформасын дамытуға тартылатыны қазақ қоғамында қызу пікірталас туғызды.
E-gov-ты «береміз!», «бермейміз!» деп ұрандатқан Мусин сөзбұйдаға салып, ізін суытты.
Сберге араша түсіп, шыр-пыр болған министрді желі қолданушылары жерден алып жерге салды. Бір өкініштісі, кейін қоғам белсенділері Мусиннің сөзін сөйлеп шықты. Оған не әсер еткені белгісіз. Халық бұл бастамаға әлі де қарсы. Өтйкені, Ресейдің цифрлық колониясына айналудан қорқады. Кей дереккөздерде ел арасында Сберді қолдауға жекелеген адамдарға қыруар қаражат ұсынылғаны айтылады.
Жыл депутаты – Ирина Смирнова
Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова әлеуметтік саладағы келеңсіздіктер жайлы ашық айтудан тайсалмайды. Қайсар әйелді әсіресе мектептердің сын көтермейтін ахуалы, мүгедектігі бар адамдардың жанайқайы бейжай қалдырмайды. Коронавирус індеті ушығып тұрған кезде қарапайым қазақстандықтардың емделуге жата алмай әуреге түскеніне дабыл қақты.
«Самұрық-Қазына» миллиондап ақша алатын шетелдік топ-менеджерлерді не үшін ұстап отырғаны туралы да мәселе көтерілгенде де Смирнова әділін айтып, биліктегілерге «шетелдіктерге бас июді қою керектігін» ескерткен.
Одан бөлек депутат «Қарызы бар адамдардан соңғы үйін тартып алуды қою керек» деп Үкіметке ашық дат айтқан. Қалай дегенмен, Ирина Смирнова жүзден аса депутаттың ішінде айқын орны барын көрсетіп жүр.
Жыл блогері – Санжар Боқаев
Санжар Боқаев жыл бойы елдегі қордаланған мәселелер туралы батыл пікір білдіріп, Үкіметті, ондағы шенеуніктерді аямай сынады. Белсенді келер жылы партия құруы ықтимал. Халықтың қалтасын қаққан утилизациялық алымға қарсы шығып жүргендердің бірі күні бұрын шенеуніктерге креатив құттықтау жолдады. Ол ресейлік нөмір таққан көліктерден шырша құрып, қарсылық келесі жылы да жалғасатынын мәлімдеді.
Жыл меценаты – Құрмет Талапқазы
Ала жаздай қуаңшылық орнаған ел өңірлеріне шөп жіберуге жанталасқан Құрмет Талапқазы – нағыз меценат. Қысылтаяң шақта Үкіметке үндеу жолдаған ерікті қуаңшылықтан зардап шеккен Маңғыстау өңіріне 15 мың тоннаға жуық жем-шөп жіберуге ұйытқы болды. Халық төзімі таусыла бастаған тұста миллиардтаған қаражатты үлестіруге асықпаған Үкіметтің өзі мұндай көмекті ұйымдастыра алмады.
Құрметтің кіршіксіз ниеті елеусіз қалмай, халық жабылып оған үй алып берді. Сондай-ақ қолына 2 миллион теңге грант ұстатып, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне тегін оқуға қабылданды.
Жыл жеңімпазы – Иманбек
Өңірінде қарапайым ғана теміржолшы болып істеп, музыкаға әуестігі биік шыңдарға жеткізген Иманбек әлемдегі ең беделді Грэмми сыйлығын жеңіп алып, барша Қазақстанды дүр сілкіндірді. Беделді сыйлықты көрші елдің өзінде бірде бір әртіс алмаған. Осы тұста Ресей журналистері Иманбекті «біздің адам» деп меншіктеніп алғаны қызық болды.
Жыл «кәминг ауты» – Нұртас Адамбай
Кезінде көпшілікке «Келинка Сабинка» атымен танымал әйел рөлінде ойнап, түрлі кинотуындылар түсірген Нұртас Адамбай, қазіргі уақытта Ислам дініне бет бұрғанын жариялады.
Фейсбукте белсенді актер дін жайлы күнделікті пост жаза бастады. Шығармашылық адамының бұл қылығы қашанға дейін жалғасатынын уақыт көрсетеді.
Жыл спортшысы – параолимпиадашы Давид Дегтярев
Отандық спортшылар тек қола алып, жанкүйерлердің көңілін түсірген Токио олимпиадасынан кейін параолимпиадашылардың жетісті қазақстандықтарды ерекше қуантты.
Параолимпиадашылар елге 5 медаль әкеліп, үздік нәтиже көрсетті. Оның ішінде алғаш болып Давид Дегтярев 174 келі салмақтағы зілтемірді көтеріп, 54 келіге дейінгі салмақта алтын олжалады.
Жыл жазушысы – марқұм Аягүл Мантай
Ulysmedia «Жыл жазушысы» атағына марқұм Аягүл Мантайдың бейнесін лайық деп таныды.
Мыңдаған оқырманы Аягүлмен өмірде жүздеспесе де, көрмесе де тым сезімтал, баладай аңғал көңілін жазбай танитын.
Қазақта қаламгер қыздар көп емес. Соның арасындағы көптің көзінен саяқ жүрген Аягүл Мәскеу мектебінен білім алып, әдебиеттің озық үлгісін ізденумен болды. Ол оқырмандарын кіршіксіз таза әлемге жетелейтін. Соңғы сөзінде «Бізді Құдай жер бетіне періште кейпінде жіберіп еді, біз оған күнә жасауға қабілетті бейнемізбен ораламыз», деп жазыпты.
Ал қоғамға өкпем-назы болса, оның әр сөзі мірдің оғындай нысанаға дөп тиеді. Оқырманның айызын қандыратын. Қазақ қоғамына дендеп енген «құбыжық құбылыс» Фейсбукті көңіліне медеу тұтқан жазушы қыздың түбіне жетті. Иә, Аягүл Мантай көз алдымызда кибербуллинг құрбанына айналды…
Бүгінде тергеу жұмыстарының соңы немен аяқталғаны белгісіз. Өйткені Қазақстанның құқық қорғау саласының кибербуллинг құбылысынан хабары жоқ. Марқұмның сіңлісі Тоты Мантай кінәлі тараптың аттай 5 ай өтсе де кешірім сұрап келмегенін айтады.
Жыл фильмі – «Отыздан асып барамын»
«Отыздан асып барамын» атты көркем фильмінің ыстық-суығы әлі басылар емес. Фильм youtube арнасында он күнде 6,1 млн рет қаралған. Түсіруші топ - «Ирина Кайратовна».
Авторлар тәуелсіздік тарихын бір отбасының өмір жолы арқылы көрсетті. Уақыт аз, айтар дүние одан да көп. Фильм көркемдік тұрғыдан әлсіз болғанымен, саяси маңызды оқиғаларды қалт жіберген жоқ.
Шығармашылық топ біз күткеннен де көп нәрсені айта алды. Фильм тәуелсіз мемлекет пен түзу қоғам құруға әр адам жауапты екенін аңғартқандай. Бас кейіпкердің таңдауы бүгін ел қандай жағдайда өмір сүріп жатыр, соның көрінісі. Баю жолында басты құндылықтарды ұмыт қалдырған new kazakh бейнесі. Жемқорлыққа жаны қас, адал еңбекпен аяғына тұрған әке өсиеті. Фильм соңында 30 жасқа толған Азаттың өмірінде қызық жағдай болып, ата-бабасының аманатын ұғынады. Есін жиғандай болады. Басты месседж де осы болса керек. Тәуелсіз Қазақстанды жастықпен шалыс басқан есер жігітке теңейді. Көрерменге енді ол өзгереді, ақылы кіреді, ойы толысады деген үміт сыйлайды. ИК-нің бұл фильмін қарапайым көрермен ғана емес, билік басындағы ағатайлар де көреді, ой түйеді деген сенім бар.