Белгілі кәсіпкер қызметкері дүкенін тонап кеткенін мәлімдеді

Сырым Қаржас
Фото: instagram

Қазақстандық кәсіпкер Ұлықбек Шәріпов әлеуметтік желідегі жазбасында бұрынғы қызметкерінің өзі мен компаниясын тонап кеткенін айтты. Оның сөзінше, жағдай екі жыл бұрын болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Үш ай бойы тонады, ақыры қолға түсті»

- Ол біздің компанияда екі жыл бұрын жұмыс істеді. Үш ай бойы бізді тонады. Ақыры ұстап алдық. Өзі мойындады, қолхат жазды, ақшаны қайтарамын деп уәде берді. Бірақ арада екі жыл өтсе де, бір тиын қайтарған жоқ, – дейді кәсіпкер.

Шәріповтің айтуынша, осы уақытқа дейін ол бұрынғы қызметкерінің фотосын жарияламай, ар-ұяты оянар деп күткен. Алайда ол сенім ақталмаған.

«Басқа компанияларды да алдаған»

Кәсіпкердің соңғы жариялаған видеосынан кейін оқырмандар хабарласып, оның тек өз компаниясын ғана емес, басқа да мекемелерді дәл осылай алдап кеткенін жеткізген.

- Бұл жалғыз жағдай емес, тұтас жүйеге айналған әрекет екені анықталды. Сондықтан енді мен оны ашық жариялап отырмын. Әр кәсіпкер, әр компания мұндай адаммен істес болмауы үшін, – деп жазды Шәріпов.

«Сотқа жүгіндік»

Кәсіпкердің айтуынша, қазір бұл іс сотқа жеткен. Ол ұрланған ақшаның тек қаржылық шығын ғана емес, компания ішіндегі сенімге жасалған соққы екенін айтады.

- Бұл тек ақшаның жоқтығы емес. Бұл – командаға соққы, сенімге қиянат. «Әлде жазасыз қала ма екен?» деген әрекет. Бірақ олай болмайды. Әрбір әрекеттің салдары бар, – деді кәсіпкер.