Қазақстанда мектеп формасын алып тастауға қатысты петиция жарияланғаннан кейін, білім саласының сарапшысы Жазира Ассанова өз көзқарасын білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Мәселе талаптарда емес, бизнеске айналдыруда»
Сарапшының айтуынша, мектеп формасындағы басты проблема – талаптардың өзінде емес, кейде оларды бизнес құралы ретінде пайдалануында. Оның сөзінше, 2017 жылы ата-аналармен бірге қарапайым шешім ұсынылған: қою көк түсті классикалық стиль.
Бұл стиль әмбебап, басқа мектепке ауысқанда толық ауыстыруды қажет етпейді, брендке байланбайды және бұрын сатып алынған форманы киюге мүмкіндік береді. Шығынды азайту үшін отандық жеткізушілер тізімі жасалған. Ал форманы «өз» дүкендері арқылы сатып алуды міндеттеген мектептерге шара қолданылған.
Министрлік ережелері
Оқу-ағарту министрлігі бекіткен ережелерге сәйкес, форма классикалық үлгіде, сабырлы түстерден тұруы тиіс, палитрада үш реңктен аспау керек және діни символикаға жол берілмейді.
Сонымен бірге оқушылардың өзіндік ерекшелігін көрсетуге мүмкіндік бар: бейдждің орнына нашивка тағу, шығармашылық аксессуарлар қолдану, тақырыптық күндер өткізу.
- Жекеменшік мектептер “бәрі қамтылған” қағидатымен жұмыс істейді және көбіне брендбуктегі фирмалық форманы ұсынады. Бірақ ол жерде де дизайн мен баға ата-аналармен келісіледі, – деді Ассанова.
Талап
Сарапшы петиция жариялаудан гөрі, мектеп ішінде ұсыныстар айтып, мұғалімдермен әріптестік орнату тиімді екенін атап өтті.
- Қандай талаптар енгізілсе де, олар ата-аналармен бірге талқыланып, бекітілуі керек. Бұл түсінбеушілік пен реніштің алдын алады, – деді ол.
Маманның пікірінше, бірыңғай мектеп формасы тәртіпті қалыптастырады, құрметті күшейтеді, теңсіздіктің көрінісін азайтады және командалық рухты нығайтады.
- Инклюзия – иә. “Маугли режимі” – жоқ, – деп түйіндеді сарапшы.
Халықаралық тәжірибе
Ассанова дамыған елдерде мектеп формасы теңдікті сақтаудың құралы ретінде қалдырылатынын еске салды. Сонымен қатар жыл сайын оның бағасы масс-маркет деңгейіне дейін төмендетіліп, сапасы жоғалтпайтынына назар аударды.
Бұған дейінгі жағдай
Қазақстанда міндетті мектеп формасына төңірегінде дау шықты. Оған себеп мектеп формасына қатысты жарияланған петиция. Ulysmedia.kz бұл бастаманың қаншалықты орынды екенін анықтап, ата-аналар, шенеуніктер мен сарапшылардың пікірін біліп көрді.