DEMOSCOPE сарапшылары қазақстандықтар арасында тіл саясаты мен қазақ тілінің дамуы бойынша сауалнама жүргізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тіл саясатына қатысты ұстанымдар
Қазақстандықтардың ең қолайлы тіл стратегиясына қатысты пікірлері шамамен тең бөлінді: 33,8% барлық тілдік топтарға тең құқық беретін көптүрлілікті қолдайды, 30,8% қазақ тілін белсенді дамыту қажет деп санайды, бірақ орыс және ағылшын тілдерінің рөлін сақтауды да қолдайды, ал 29,5% басты басымдықты тек қазақ тіліне беруді дұрыс көреді.
Тіл және мансап
Азаматтардың пікірінше, мансап құрудағы басты құрал – қазақ тілі. Оны 80,1% респондент атап өткен. Екінші орында – орыс тілі (35,5%), үшінші орында – ағылшын тілі (23,8%).
Тіл саясатының тиімділігі
Мемлекеттің қазақ тілін дамытуға бағытталған жұмысына баға әртүрлі болды: 47,2% стратегияны өте тиімді деп санайды, 18,2% – негізінен тиімді деп есептейді. Ал 28,5% саясатты тиімсіз деп бағалаған. Наразылықты жиі білдіретіндер – орыс тілді азаматтар (33,6%). Екі тілділер арасында бұл көрсеткіш – 24,1%, қазақ тілділерде – небәрі 19,4%.
Үштілділік мұрасы
2006 жылы ұсынылған үш тіл (қазақ, орыс және ағылшын) саясатын толық табысты деу қиын. Дегенмен респонденттердің жартысы (50,7%) оны әлі де өзекті деп санайды.
Қазақ тілінің дамуына кедергілер
Азаматтар атап өткен басты кедергілер:
білікті мұғалімдердің жетіспеушілігі – 26,4%;
халықтың төмен мотивациясы – 23,9%;
сапалы оқулықтар мен тіл орталықтарының тапшылығы – 21,5%;
оқыту әдістемесінің әлсіздігі – 16,3%;
ресейлік ақпараттық кеңістіктің ықпалы – 15,7%;
жемқорлық – 12,2%.
Қазақ тілділер көбіне Ресей ақпараттық ықпалын айтса, орыс тілділер мұғалім тапшылығын бірінші орынға қойған.
Мемлекеттік тілді дамытуға не көмектеседі?
Азаматтардың пікірінше, ең тиімді шаралар мыналар:
мектеп пен ЖОО-ларда оқытуды жақсарту – 39,8%;
мемлекеттік қызметкерлер мен сервистік ұйымдарға тіл білуге қатаң талап енгізу – 26,6%;
ересектерге тегін курстар ашу – 25,3%;
қоғамдық бастамаларды қолдау – 21,1%;
тілді кино, музыка және медиа арқылы насихаттау – 19%.
Тіл және білім сапасы
Сауалнамаға қатысқандардың көбі (37,7%) ең жақсы білім қазақ тілінде беріледі деп есептейді. 23,3% – орыс тілін, 4% – ағылшын тілін таңдаған. Ал 27,9% білім сапасы тілге байланысты емес деп санайды.
Қазақ тілді респонденттердің 53,5%-ы қазақ тілін таңдаса, орыс тілділердің 45,3%-ы орыс тілін таңдаған.
Азаматтардың жартысына жуығы (49,9%) қазақ тілін ересек жасында үйренген адамдарды кездестірмегенін айтқан. Үштен бірі (33,5%) мұндай жекелеген мысалдарды ғана білетінін жеткізсе, 15,5% – мұндай жағдайлар бар екенін, бірақ олардың аз екенін атап өткен.