Кеншілердің жалақысы мұнайшылардан аз - зерттеу

Сырым Қаржас
Коллаж: ulysmedia.kz

Тамыздың соңғы жексенбісінде қазақстандық шахтёрлер кәсіби мерекесін атап өтеді. Осыған орай, жер астында қауіпті әрі күрделі жағдайда еңбек ететін жұмысшылардың бүгінгі табысы қандай екенін Ranking.kz зерттеушілері шолып шыққан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ МЕН ҰСЫНЫСТАР

Мемлекеттік Enbek.kz электронды еңбек биржасы мен жеке Hh.kz платформасындағы мәліметке сәйкес, шахтада жұмыс істейтін мамандарға 165,3 мыңнан 500 мың теңгеге дейін жалақы ұсынылады.

Тау-кен шебері, кен қазушы – 400–500 мың теңге.

Маркшейдер – 470–621 мың теңге.

Бұл сома тәжірибеге, жұмыс күрделілігіне және компания көлеміне байланысты өзгеріп отырады.

ОРТАША РЕСМИ ЖАЛАҚЫ

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылдың екінші тоқсанында кен өндіру өнеркәсібіндегі орташа номиналды жалақы 888,9 мың теңге болған. Бұл көрсеткіш экономикадағы ең жоғары еңбекақы деңгейлерінің бірі – қаржы секторынан кейінгі екінші орында.

Жалпы экономикада жалақы бірінші жартыжылдықта 10,7%-ға өскен болса, кен өндіру саласында өсім 12,9%-ды құрады. Реалды табыс өсімі де жоғарырақ: экономика бойынша 0,3%, ал кеншілерде 2,3%.

ЖАЛАҚЫ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ

Номиналды жалақы – бүкіл жалақы қорын жұмысшылар санына бөлген орташа сома. Бірақ нақты жұмысшы алатын қаражат бұдан төмен болуы мүмкін.

2024 жылы кен өндіру саласында орташа номиналды жалақы – 866,5 мың теңге.

Ең жиі кездесетін (модальды) жалақы – 372,6 мың теңге (яғни, 43%).

Медианалық жалақы – 533,2 мың теңге.

Демек, ресми орташа көрсеткіш шынайы табыстан әлдеқайда жоғары.

САЛА ІШІНДЕГІ АЙЫРМАШЫЛЫҚ

888,9 мың теңге – бүкіл «кен өндіру және карьер қазу» санаты бойынша орташа көрсеткіш. Бірақ нақты салаларда айырмашылық бар:

Мұнай-газ өндірісі – 1,4 млн теңге.

Көмір өндіру – 673,1 мың теңге.

Металл кендерін қазу – 698 мың теңге.

Басқа пайдалы қазбалар – 446,5 мың теңге.

Яғни, орташа жалақыны мұнайшылардың жоғары табысы көтеріп тұр.

МАМАНДАРДЫҢ ЕҢБЕКАҚЫСЫ

Бюро дерегіне сәйкес, 2024 жылы:

Шахта жұмысшысы – 520,4 мың тг.

Өздігінен жүретін машиналар машинисі – 609,4 мың тг.

Тау инженері – 649 мың тг.

Электрслесарь-монтажшы – 769,2 мың тг.

Тау-кен техникалық инспекторы – 1,9 млн тг.

БАСШЫЛАРДЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ

Жетекші лауазымдарда айлық әлдеқайда жоғары:

Басқарма төрағасы – 3,4 млн тг.

Бас директор – 3,1 млн тг.

Карьер бастығы – 1,7 млн тг.