«Барар жер, басар тау қалмады»: Қос жанарынан айырылған белсенді көше жағалап жүр

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia коллажы

2018 жылы аты шулы «Жиһадшылар ісі» бойынша саяси белсенділер Кенжебек Әбішев және Алмат Жұмағұловпен бірге 8 жылға сотталған 55 жастағы Алматы тұрғыны Оралбек Өміров қазір базар жағалап, көше кезіп жүр. Ол абақтыда отырғанда жанарынан айырылған. Қазір екі көзі бірдей көрмейді.

Оралбек Алматыдағы Шолохов базары маңына жиі барады. Сөзінше, сол жердегі адамдар тегін тамақ береді. Оның үстіне таныс көшелермен жүру де қауіпсіз.

«Таңғы уақытта шәй береді, блины береді. Түскі уақытта кейде сорпалы тамақ, манты, айран ішемін. Кешкі уақыттарда да осылай бір тамақтандырып кетеді», – дейді ол.

Өміровті 2017 жылы қараша айында пәтерінен ұстап алып кеткен. Ол уақытта Алматыда пәтер жалдап тұрған. Құрылыста істеген. Кафель қалап, сварка жасаған.

Ел арасында «Жиһадшылар ісі» аталып кеткен іс бойынша Оралбек Өміровке (Кенжебек Әбішев және Алмат Жұмағұловпен бірге) «терроризмді насихаттау» және «ашық түрде террорлық әрекетке шақыру» айыбы тағылған. Сол уақытта құқық қорғаушылар істің саяси астары барын айтқан. Өміровтің өзі іс қолдан құрастырылған дейді. Оны былтыр тамызда денсаулығына байланысты түрмеден мерзімімен бұрын босатқан.

«Босатылған кезімде далаға шығарып тастады. 192 мың 800 теңгем қалып қалды. Түгімді де берген жоқ. Документ түк жоқ. Құр бостандыққа шықты деген қағаз. Шыққанда Алматтар мені есіктің алдынан күтіп алады. Қалаға келгеннен бастап, көрген күнім осы күн», – дейді Өміров.

Оралбек бір жыл бойы «Пана» оңалту орталығында тұрған. Бірақ онда тұру мерзімі тамыз соңында аяқталған. Ол көмек сұрап Алматы қаласының әкімдігіне бірнеше рет барған. Осыдан кейін оңалту орталығында тұру мерзімін ұзартқан. Бірақ қала әкімінің қабылдауына кіре алмаған. Оңалту орталығында тұру қиын дейді ол.

«Ол жерде мен тұрғым келмейді. Жігіттер, ол жерде күн көру қиын. Ана жерде қиын. Адам деген жаныңда сасып жатыр. Оның денсаулығы әбден кеткен, сұмдық. Жуынатын-шайынатын жер болса да, ерінеді олар барып жуынуға. Үстілері биттеп кеткендер де бар. Өте қиындары бар. Енді бірдеңе айтсаң, ол ренжиді. Осы айдың алтысы біреу менің бетімнен ұрады. Өзім сияқты зағип, аяғы жоқ. Әлгіден өліктің иісі шығып жүр. «Бар, жуын» десем, ренжиді. Менің бетімнен ұрып жіберді», – дейді ол.

Оралбек Өміров мүгедектігі үшін айына 100 мың теңге жәрдемақы алады. Сөзінше, террористік баппен істі болғандықтан төлқұжаты мен банк есеп-шоттары бұғатталған.

«Мен оқу оқиын деймін. Мына көз ұйымында мүмкіндіктер бар. Алтынай Қоңыратбаева мені жібереді. Анда бар, мында бар, сол жерде жұмыс. Бірақ мені ешқандай жерге жұмысқа қабылдамайды. Неге? Менің төлқұжатымдағы ЖСН, барған жерімде аналар базаға кіргізеді, ана жерде терроризм, экстремизм деген жалауша шығады екен. Әлгі жалаушадан бұлар алады да банк жүйесінен, барлық жерден бұғаттап, тыйым салып тастаған ғой. Мен массаждың оқуын оқиын десем, маған карточка ашу керек, карточкаға ақша төленеді. Мен студент. Бір жағынан жұмыс, бір жағынан сабақ. Екі жылдан кейін мен дипломы бар массажор болар едім. Мен соқыр бола тұра, өзімнің жұмысым болар еді. Мен қайыр тілемес едім. Бұлар мені қайыр тілеттіріп жіберді. Мен қазір далада келе жатсам, ораза кезінде жаны ашып кейбіреулер ақша береді маған. Енді қайтемін, мен мұқтаж болып қалдым», – дейді Оралбек.

Сөзінше, істі болғанда туыстарының барлығы теріс айналған. Барар жер, бастар тауым қалмады дейді ол.

«Негізінде туысқан жоқ менде. Менде туысқан болды деуге болады. Бірақ сондай бір басқа іс түскен кездерде бәрінен айырылдым ғой. Осы құрастырылған қылмыстың оған да зияны тиді ғой. Бәрі теріс бұрылып кетті. Менде қазір ешкім жоқ. Керексіз адам болып қалдым. Баспанам жоқ, түгім жоқ. Ешнәрсем жоқ, ағайын-туыстан. Шешем 2020 жылы қайтыс болды осы түрмеде отырғанымда. Не ол кісінің хабарында естімедім қашан кеткенін», – дейді Өміров.

Оралбек күнде қас қарая оңалту орталығына оралады. Өзінің айтуынша, бұл жер оған тек түнеп, жуыну үшін ғана керек.

 «Бірақ келгім келмейді мына жерге. Бір жыл тұрғызғандарына рахмет. Мейірімді азаматтарына рахмет. Жаңағыдай келіншек. Ішінде осындай бір-екі адам бар. Кішкене көңіліңе қарайды. Ағалап тұрады. Кейбіреулері бар өзіңе итше шапшиды. Неге өйтіп сөйлесесің десең, өзіңе ұрсады. Білмеймін неге екенін. Мінездері сондай ма. Сондайлардан да қашасың. Кетіп қалғың келеді. Келгің келмейді. Сенің өмірің кім, не қызықтырмайды оларға», – дейді ол.

Оралбек Өміров қысқа дейін пәтер мәселесін шешсем дейді. Алдағы күндері көмек сұрап әкімдікке тағы да бармақшы.

«Жиһадшылар ісі» бойынша 2018 жылы сотталған саяси белсенді Алмат Жұмағұлов 2021 жылы мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан. Кенжебек Әбішев те дәл осы жылы 13-ші қазанда шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Бірақ көп ұзамай 2022 жылы 17 қаңтарда 56 жасқа қараған шағында қайтыс болған.