Астанада әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналары наразылық акциясына шығып, министрліктер үйінің алдына барды. Олардың кейбірі «Баланы әскерге барып өлсін деп туған жоқпын», «Реформа талап етеміз!» деген жазуы бар плакат асынған. Аналардың талабы. Генералдың жауабы. Әскердегі әлімжеттік және өлім. Ulysmedia аналар наразылығының жай-жапсарын анықтап көрді.
Ұлы әскерге сау кетіп, мүгедек болып оралған ананың жанайқайы
10 қарашада Астанадағы министрліктер үйінің алдына бір топ адам жиналды. Олардың барлығын әскердегі әлімжеттік пен өлім мәселесі біріктірген. Ulysmedia сөйлескен Гүлмира Мұқажанованың ұлы Ұлан Мұсаев әскерге сау кетіп, мүгедек болып оралған.
«Мен жүргеніме үш жарым жыл болды. Балам әскери колледжде оқып жүріп, борышын өтеу барысында калашников автоматымен самай тұсынан оқ жарақатын алды. Балам мүгедек. Төсекке таңылған. Жағдайы ауыр. Үш жарым жыл болды ешқандай әділдік орнап жатқан жоқ. Тергеу қасақаны созылып жатыр. Видео жазба бүлінген. Сараптаманың барлығы баламның ауруы туралы парақшасы бойынша жасалған», – дейді Гүлмира Мұқажанова.
Ол журналистер алдында аналардың талабын оқыды. Онда аналар істер қайта қаралып, күмәнді істер қайта тергеліп, оған қоғам өкілдері мен журналистердің қатысуын талап еткен. Бұған қоса, арнайы комиссия құрып, әскери бөлімдерді тексеруге ата-аналарды да кіргізу талабы сияқты бірнеше талап бар.
«Баламның үстінде сау жері жоқ»
Әскерде ұлы қаза тапқан тағы бір ана Айна Есбергенова. Ол баласының жүрек ауруынан қайтыс болғанына сенбейді. Айна ұлымды тепкілеп өлтірген дейді. Сөзінше, оқиғаға қатысты куәгер де бар. Бірақ оған қысым жасалған.
«2024 жылы 9 сәуірде балам жүрек ауруынан қайтыс болды деген хабар келді. Өзім бардым. Баламды киіндіріп қойған. Үстінде сау жері жоқ. Соққы іздері болды. Үйіме алып келдім, жерледік. Жерлеген соң баламмен бірге әскерде болған достары келіп, баламды ұрып, өлтіргенін айтты. Балам далада 20 минут жатқан, ол кезде тірі болған. Ешқандай көмек көрсетілмеген. Балам сол жерде көз жұмған. Баламды ұрып өлтірген адамдар заң жүзінде жазасын алса екен деп әділдік іздеп отырған анамын», дейді ол.
Заңға бағынуға шақырған генерал
Аналардың алдына ұлттық ұлан бас қолбасшының орынбасары, генерал Қайрат Үмбетов шықты. Ол аналарды заңға бағынып, ғимаратқа кіріп сөйлесуге шағырды. Үмбетов ғимаратқа телефон алып кіруге болмайтынын айтты. Оның сөзінше, әр жердің өзінің регламенті бар. Соған бағыну қажет. Бірақ оның бұл сөзіне аналар қарсылық білдірді. Ішке журналистер кіргізілмеді.
«Регламент бойынша тоғыз адам арыз жазғансыздар. Біз де тоғыз адам, қосымша тізімнен тыс адамдарды қабылдауға әзірміз. Бірақ бұл жердің өзінің регламенті бар», – деді ол.
«Министр қабылдамаса аштық жариялаймыз»
Қорғаныс министрлігінің өкілдерімен сөйлесіп шыққан аналар олардан мардымды жауап ала алмағандарын айтты.
«Егер Жайсанбаев пен Қосанов (қорғаныс министрі – ред) бізді кешкі сағат беске дейін қабылдамайтын болса, біз осы жерден кетпейміз, аштық жариялаймыз. Қысым көрсетіліп, қамайтын болса жағдайды өздері ушықтырып алады. Маған қысым көрсетіліп, мені өлім жазасына апарса, қорғаныс министрлігі мен Жайсанбаев жауап береді», – деді Гүлмира Мұқажанова Ulysmedia тілшісіне.
Осыдан кейін аналар «Сарбаз өлімі тоқтатылсын!» деп ұрандатты. Оларға әкімдік өкілі келіп, шараның заңсыз екенін ескертіп, тарауларын сұрады. Наразылық акциясына қатысқан аналардың бірінің денсаулығы нашарлап, есінен танып қалды. Оған жедел жәрдем келді.
Әскердегі өлім
Кейінгі кезде Қазақстанда қатардағы жауынгерлер мен курсанттар арасында өлім-жітім мен суицид жиілеп барады. Бұған дейін қорғаныс министрлігі кейінгі үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қаза болды деп мәлімдеген.
Марқұмдардың туыстары да, қоғам да негізінен сарбаздардың өліміне әскер мен оның басшылығын кінәлі дейді. Сарбаздардың қазасына әлімжеттік себеп екені жиі айтылады. Ал ресми ақпаратқа сәйкес, олардың өліміне көп жағдайда ауру, жол апаты мен суицид себеп.
Былтыр әскердегі сарбаз өлімі жиілеген тұста ePetition.kz порталында міндетті әскери қызметті алып тастау туралы петиция жарияланған. Қазақстанның қорғаныс министрлігі «бұл бастаманы елдің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіру» деп атап, «елдің қорғаныс мәселесі петицияға негіз бола алмайды» деп мәлімдеген.