Қазақстанда қысқы туризм маусымы басталды. Шаңғы теуіп, тауға шығып, серуен құру қаншалықты қол жетімді? Қыста қайда барып демалуға болады? Қысқы туризм неге қымбат? Ulysmedia бүгін осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді.
«Шымбұлақ» пен «Oi Qaragai»-дың бағасы қанша?
Қазақстанда қай мезгілде болмасын туризм арзан дүние емес. Бірақ қысқы туризмнің орны ерекше. Елдегі ең танымал демалыс орындарының бағасы шарықтап тұр. Мысалы, Алматыдағы «Oi Qaragai» таулы курорт аумағына кіру үшін ғана 19 мың теңге төлеу қажет (оның сыртында шаңғы тебуге арналған құрал-жабдық 8-10 мың теңге аралығында). Ал үй жалдап, сол жерге түнейтін болсаңыз (орта есеппен бір адамға 40-45 мың теңге) онда бір күндік шығын шамамен 70-75 мың теңге болады.
Дәл осы сияқты туристер арасында ең танымал демалыс орындарының бірі – Шымбұлақ тау шаңғысы курорты. Мұнда бір күнге 12 мың теңге төлейсіз (оның сыртында шаңғы тебуге арналған құрал-жабдық 8-10 мың теңге аралығында). Ал түнеу үшін ең арзан қонақүй құны орта есеппен 30 мың теңге. Бір күндік шығын 50-55 мың теңге.
«Тауға шығып, шаңғымен сырғанау қалтаны қағады»
Алматылық тау гиді, сноуборд жаттықтырушы Дидар Қайыров тұрақты түрде тауға шығу өте қымбат екенін айтады. Қарапайым, орташа жалақы алатын адам үшін бірнеше күн тауға шығып, шаңғымен сырғанау қалтасын соғады дейді. Бірақ соған қарамастан, оның сөзінше, демалыс орындарында орын жоқ.
«Аптасына бір рет бару үшін толықтай киініп, құрал-жабдықты жалға алу 10-12 мың теңге болады. 20 мың билетке кетеді. Сонда 30 мың теңге болады. Оның өзінде тамағыңды өзіңмен бірге алып барсаң. Ал сол жерден тамақтанатын болсаң, онда сәл қымбаттау болады. Ал егер жай тауға шығатын болсаң, ол да арзан дүние емес. Егер тауға шығуды хоббиге айналдырған адам болса, онда жақсы деген аяқ киімнің ең арзанының өзі 100 мың теңге тұрады. Ал турист ретінде бір күн ғана шығып қайтамын десе, онда аяқ киімді 4 мың теңгеге жалға ала салады», – дейді ол.
Дидар Қайыровтың сөзінше, жалпы тау туризмі демалыстың ең қымбат түрі. Ол Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде сондай.
«Еуропамен салыстырғанда біздің туризм арзан»
Оның бұл сөзімен туризм бойынша сарапшы Алмас Маратұлы да келіседі. Ол мұны құрал-жабдықтардың қымбат болуымен байланыстырады. Сөзінше, Қазақстанда Еуропа елдерімен салыстырғанда қысқы туризм арзан. Бірақ ол жергілікті халық үшін өте қымбат.
«Еуропамен салыстырғанда біздің туризм арзан болып қалады. Қазақстандықтарға ол баға қымбат болып саналады. Сондықтан бізге шетелдіктер, оның ішінде ресейліктер қыста көптеп келеді. Шымбұлақ болсын, «Oi Qaragai» болсын адам көп. Қазақстанда барлық қауіпсіздік талаптарына сай келетін үш ғана шаңғы базасы бар. Ол осы Шымбұлақ, «Oi Qaragai», сосын Бурабайдағы база. Қалған жерлердің фуникулерлары жоқ, аспалы жолдары нашар. Үшеуі ғана болғаннан кейін барлығы сол жаққа ағылады. Олар сұранысқа сәйкес бағаны жоғары қояды», – дейді сарапшы.
Бурабай мен «Алтай Альпілерінің» бағасы қандай?
Ақмола облысындағы Бурабай демалыс аймағында екі адамға арналған нөмірлердің бағасы – 15-20 мың теңге. Комфорт бөлмелер – 28-30 мың теңге. Ал коттедждер 300-500 мың теңге. Көл бетінде коньки, шанамен сырғанау – 1500-3000 теңге. Хаски иеттерді шанаға жегіп сырғанау – 6000 теңге. Ат шанада серуендеу – 12 мың теңге. Жалпы алғанда Бурабайда бір күніңді өткізу 59-65 мың теңге.
Кейінгі жылдары Шымбұлақ, «Oi Qaragai» және Бурабай демалыс орындарынан бөлек, Шығыс Қазақстандағы «Алтай Альпілері» демалыс айлағына да сұраныс артқан. Бірақ Алмас Маратұлының сөзінше, сұраныс артқанымен, инфрақұрылым мәселесі әлі шешімін таппаған.
«Шығыс Қазақстанда дұрыс база жоқ. Оның ішіне шаңғы базасы, шаңғы құрал-жабдықтарын жалға беретін орындар және жатын орындары кіреді. Осылар жоқ. Бірақ сұраныс бар. Бағасы өте жоғары болғаннан кейін қарапайым адам барса оған бір рет барар. Басқа мүмкіндік жоқ енді баратын. Еуропа бағыты жабылғаннан кейін ресейліктер көп келеді. Оларға баға қалтасына қонымды», – дейді Алмас Маратұлы.
Өскемен тұрғыны Әмина Құрманжанқызының айтуына қарағанда, «Алтай Альпілері» тау-шаңғы демалыс аумағында демалу құны Шымбұлақ, «Oi Qaragai» немесе Бурабайдан кем емес.
«Бағалар ұсынылатын қызмет сапасына сәйкес келеді. Толық снаряжение мен арнайы киімді демалыс күндері жалға алу орта есеппен 7 000–8 000 теңге көлемінде. Өскемен қаласынан «Алтай Альпілеріне» дейін жол 40 минуттай; такси қызметін пайдалану арқылы барып-қайту шамамен 25 000 теңгеге шығады. Демалыс орнына жеткеннен кейін тау үстіне көтерілу безлимит – 9 000 теңге, ал бір реттік көтерілу – 1 800 теңге», – дейді ол.
Контекст
Туризм және спорт министрлігіне қарасты туризм индустриясы комитетінің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында елге 12 миллионнан астам шетел азаматы келген. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,3 пайызға жоғары (ол кезде 11,5 миллион адам келген).
2021 жылы сол кездегі ұлттық экономика министрі болған Әсет Ерғалиев «2025 жылға қарай ЖІӨ туризм саласының үлесі кемінде 8 пайызды құрайтын болады» деген. Ашық дереккөздердегі ақпаратқа қарағанда, қазір туризм ЖІӨ не бәрі 3-3,2 пайызын құрайды.
Жалпы, Қазақстанда туризм саласында қатысты сын көп айтылады. Бірі елдегі туризм шетелмен салыстырғанда әлде қайда қымбат десе, енді бірі сұраныс пен ұсыныс, баға мен сапа сәйкес келмейтінін айтады.