"Тағы көшеге шығуға дайынбыз": Астанада ереуілдеткен мұнайшылар билікке қайта жүгінді

Ғалиасқар Думан

Көктемде Астанада келіп ереуілдеткен Жаңаөзен мұнайшылары өз талаптарының еленбегеніне наразылық білдіріп, билікке қайта жүгінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz "Ладаға" сілтеме жасап.

Коллаж: Ulysmedia.kz

"БераӘлі Маңғыстау Company" компаниясы қызметкерлерінің бейнеөтініші 14 тамызда желіде жарияланды. Онда мұнайшылар өз фирмаларының басшылығы да, ел билігі де олар көтерген мәселелерді әлі күнге дейін елемей келе жатқанын айтқан.

Жұмысшылар үш айдан астам уақыт бұрын өздерінің мәселесіне назар аударту үшін Астанада бейбіт митинг ұйымдастырғандарын, алайда осы уақытқа дейін олардың талаптарының ешқайсысы қанағаттандырылмағанын мәлімдеді.

"Үш ай бұрын біз билікке жүгіндік, басшылыққа үндеу жаздық, ереуілге шықтық. Қазір біз, 200 адам, лайықты жалақы және әлеуметтік кепілдіктер алаңдатады. Астанадағы акция барысында 80 әріптесіміз жалақыны көтеру және жұмыс орындарын қалпына келтіру туралы уәде алды. Үш ай өтті, ештеңе өзгерген жоқ; біздің өтініштеріміз жауапсыз қалды. Егер биліктің уәделері орындалмаса, біз қайтадан көшеге шығуға дайынбыз", - деді компания қызметкерлері.

Видеода мұнайшылар олардың қазіргі жалақысы "шығындарын жаппайтынын" атап өтті. Олар үнемі жұмыс орындарын ауыстырудан шаршағанын жеткізіп, тұрақты жұмысқа орналасуға ниет білдірді.

Еске салайық, 10 сәуірде  Жаңаөзендегі «БерӘлі Маңғыстау Company» мекемесінің жұмыстан қысқарған 80-ге тарта жұмысшысы Астанаға келіп, Энергетика министрлігі ғимаратының алдына наразылық білдірді.

Олардың бәрі «Өзенмұнайгаз» компаниясынан жұмыс талап етті. Жұмыссыз қалған жаңаөзендіктер мәселеміз шешілмей министрлік алдынан кетпейміз деді. Олар таңды сол жерде атырды.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастапқыда мұнайшылардың талабы айқын еместігін айтқан.

Ал премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов  жаңаөзендік жұмысшылардың тендерден ұтылған компанияның қайтадан ұтып шығуын талап етуі дұрыс еместігін мәлімдеді.

Кейіннен жұмысшылар «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығы ұсынған жұмыс орындарынан бас тартқаны хабарланды

11 сәуір күні кешке пикет ұйымдастырған Жаңаөзен мұнайшыларын қауіпсіздік қызметкерлері ұстап әкетті. Жерлестерінің ұсталғанын естіген бойда Жаңаөзенде жергілікті кәсіпорындардың қызметкерлері Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, Астанада ұсталған жұмысшыларды босатуды талап етті.

Көп ұзамай Жаңаөзен қаласының әкімі жиналғандарға бейнеөтініш жасап, мәселені түсіндірді, сабырлыққа шақырды.

12 сәуір күні таңертең жаңаөзендік мұнайшылар үйлеріне қайтып бара жатқандарын мәлімдеп, жерлестеріне алғыс айтты.

Бас прокуратураның дерегінше, Астанада Жаңаөзеннен келген 126 адам ұсталған. Олардың бесеуі “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу” бабы бойынша ескерту түрінде жаза тағайындалған.

Бұдан бұрын “ҚазМұнайГаз” басшысы жаңаөзендіктермен үш жылдық келісімшарт жасау мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеген.

Ал Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Астанада ереуілге шыққан мұнайшылар мәселесін шешу үшін арнайы мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатқанын айтты.

Мамырдың соңында Жаңаөзен қаласында «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «Мөлдір Мұнай Сервис» ЖШС-нің басшылығы «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС бұрынғы қызметкерлерімен  кездесу өткізген. Мұнайшылар ұсынылған шарттарды қарастыруға уақыт сұраған еді.

Маусымның соңында Мағзұм Мырзағалиев наразы мұнайшылардың мәселесі толық шешілгенін мәлімдеген.