Былтырғыдан 227% көп: Қазақстанда жұмыс іздеушілер саны күрт өсті

Ғалиасқар Думан

Елімізде жұмыссыздар саны көбейе түскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

көрнекі фото: livejournal.com

Жұмыс іздеуге арналған hh.kz порталы таратқан мәліметке сүйенсек, тамызда республика бойынша 240 мыңнан астам адам жұмыс іздеген.

«2023 жылдың тамызында Қазақстанның 240 мыңнан астам тұрғыны hh.kz сайтынан жұмыс іздеді. Бұл өткен жылдың тамызындағы көрсеткіштен 227 пайызға көп, ал осы жылдың шілдесіндегі көрсеткіштен 12 пайызға аз. Тамызда жұмыс іздеушілер белсенділігінің төмендеуі студенттер мен мектеп оқушылардың жазғы уақытта жұмыс іздеу маусымының аяқталуына байланысты», - делінген хабарламада.

Тамызда жұмыссыздар көбіне оқытушы, мұғалім, сату жөніндегі менеджер, клиенттермен жұмыс жөніндегі менеджер, сатушы-кеңесші, сатушы-кассир, жүргізуші, әкімші, бухгалтер мамандықтары бойынша бос орындарды іздепті.

Айта кетейік, ресми статистика бойынша елімізде жұмыссыздық деңгейі 4,7% – жұмыссыздар саны 452,6 мың адам екені хабарланған.

Қазақстанда шілдеде жұмыс іздеушілер саны маусым айымен салыстырғанда 38,8 мыңға (+71%) өскен. Сондай-ақ, шілде айында 53,8 мың қазақстандық жұмысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алған. Бұл бір ай бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,1%-ға артық, ал бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 96,4%-ға көп.

Сондай-ақ бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде 355 мыңнан астам бала кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр.