Елімізде Шымкент – Самара автомобиль жолының Қызылорда – Арал (Ақтөбе облысының шекарасы) бөлігін ақылы ету жоспарланып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы көлік министрі бұйрығының жобасында айтылған.
Шымкент – Самара автомобиль жолы ІІ санатты жолға жатады. Жол 20 жыл бойы ақылы болады деп белгіленген.
Құжат жобасына сәйкес, жеңіл көліктер (16 және одан аз орындық) толық 455 шақырымды құрайтын жолды жүргені үшін 0,66 АЕК мөлшерінде ақы төлейді.
Сондай-ақ, бір айлық не бір жылдық төлем жасауға болады. Бір айлық абоненттік төлем 1-5 АЕК аралығын құраса, бір жылдық абоненттік төлем 12-60 АЕК аралығын құрайды.
Айта кетейік, бұдан бұрын Көлік министрі Марат Қарабаев елімізде ақылы жолдар жүйесіне қатысты өзгерістерді жариялаған.