Назарбаев кітапханасы Президент орталығына айналды: не өзгереді

Ғалиасқар Думан

ҚР Президенті іс басқармасы Астанадағы Назарбаев кітапханасы бұдан былай қандай функция атқаратыны жөнінде мәлімет берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

instagram

«Мемлекеттің алғашқы тұлғаларының тарихи мұрасын сақтау — әлемдік тәжірибе. Аталған дәстүр президент орталықтары мен кітапханалардың қызметінде көрініс тапты. Тарихи-мемориалды мекемелер АҚШ, Франция, Түркия, Қытай, Малайзия, Әзербайжан және әлемнің басқа елдерінде бар. Олар мұрағат, кітапхана және мұражай функциясын біріктіре отырып, ұлт көшбасшыларының қызметіне қатысты құнды деректерді, кітап, киім артефактілерін сақтайды» делінген хабарламада.

АҚШ тәжірибесін мысалға келтірген ведомство елімізде ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының базасында Тәуелсіз Қазақстан көшбасшыларының тарихи мұрасын сақтаумен, зерделеумен және ілгерілетумен айналысуға арналған Президенттік орталық құрылғанын мәлімдеді.

«Онда Қазақстан президенттігі институтына қатысы бар жәдігерлер орталықтандырылған түрде сақталады. Жаңадан құрылған орталыққа экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке мұрағаты мен жеке кітапханасының материалдары, сондай-ақ бұрын тұңғыш Президент кітапханасында сақталған мұражай экспонаттарының жинағы берілді. Бүгінгі таңда қорда 150 мыңнан астам мұрағат құжаттары, 40 мың кітап және 12 мың мұражай заттары бар», — деп мәлім етті басқарма.

Болашақта жаңа орталыққа тарихи-мәдени құндылығы бар жеке құжаттар мен қазіргі Президенттің керек-жарақтары да берілмек.

Еске салайық, жуырда Назарбаев "Самұрық-Қазына" қорын басқару жөніндегі кеңес төрағасы лауазымынан айырылды.

Сондай-ақ, шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевты өз атымен аталатын мектептер, ЖОО және қордың жоғарғы кеңесі басшысы мәртебесінен айыратын заңға қол қойды.

Бұдан бұрын әділет министрі Азамат Есқараев Қазақстан заңдарын тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше мәртебе мен артықшылық беретін нормалардан "тазарту" процесі жалғасып жатқанын мәлімдеді.