Ұлттық статистика бюросы қызметкерлердің санын есептелген жалақы мөлшеріне бөлу бойынша жүргізілген зерттеу қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Зерттеуде 2023 жылдың сәуір айында толық жұмыс істеген қызметкерлер қамтылған.
“Зерттеуге барлық ірі кәсіпорындар және кейіннен бас жиынтыққа таратыла отырып, орта және шағын кәсіпорындардан ішінара 30% іріктеліп қатысты. Зерттеуде барлық қосымша ақыны, үстемеақыны, сыйақыны, салық пен зейнетақы аударымын ескере отырып, 2023 жылғы сәуір айы үшін нақты есептелген жалақы туралы деректер пайдаланылды. Қызметкерлерді жұмысшылардың негізгі кәсіптері мен қызметшілердің лауазымдары бойынша бөлу Ұлттық кәсіптер сыныптауышына сәйкес жүзеге асырылды”, – делінген хабарламада.
Зерттеу қорытындысы бойынша кәсіпорындар мен ұйымдардың көрсетілген тобы бойынша 2023 жылғы сәуірде толық жұмыс істеген қызметкерлер саны 3 437,3 мың адамды құрады, оның ішінде ерлер (1 683,8 мың адамды) 49%, әйелдер (1 753,5 мың адамды) – 51%.
Қызметкерлердің жалпы санынан орташа айлық жалақы – 70 000 теңгені қызметкерлердің 1,5% алады. Әрі қарай:
Сондай-ақ, бюро қызметкерлердің жалақының медианалық мәнін есептеді, 2023 жылы оның мөлшері 251 356 теңгені құрады (2022ж. – 204 149тг ). Айта кету керек, медиана – бұл барлық жалақы мөлшерін өсу ретімен орналастырғандағы тізімнің орталық мәні, нәтижесінде барлық жұмысшының жартысы одан көп, ал екінші жартысы одан аз алады деген сөз.
Бұдан басқа, қызметкерлер жалақысының модальді мәні – 81 377 теңгені құрады. Бұл - жұмысшылар арасында неғұрлым жиі кездесетін жалақы мөлшері.
“Орташа айлық жалақының дифференциациясының децильдік коэффициенті 6,0 құрады. Орта білімі бар қызметкерлердің орташа айлық жалақысы - 230 841 теңгені, жоғары білімі барларда – 398 214 теңгені және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі барлардікі - 505 170 теңгені құрады. Қызметкерлер жасы бөлінісінде 16 жастан 24 жасқа дейінгілердің орташа айлық жалақысы - 223 165 теңгені, 25-тен 28 жасқа дейін – 284 278 теңгені, 29-дан 34 жасқа дейін - 324 276 теңгені, 35-тен 44 жасқа дейін - 356 082 теңгені, 45-тен 54 жасқа дейін - 330 626 теңгені, 55-тен 64 жасқа дейін - 305 319 теңгені, 65-тен жоғарылардікі – 284 378 теңге”, – деп мәлім етті сарапшылар.
Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанда халықтың өмір сүру деңгейінің төмендегені ресми түрде расталған.
11 қазанда жарияланған зерттеуде Қазақстанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне – 40 600 теңгеге жетпеген үй шаруашылықтарының саны 2023 жылдың екінші тоқсанында 135 200-ден 177 800 отбасыға дейін өскені анықталды. Сондай-ақ табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 55 пайызын құрайтын азық-түлік себетінің құнынан да төмен отбасылар санының да айтарлықтай өскені байқалады. Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, 2022 жылдан бері кедейлікте өмір сүретін отбасылар саны үш есеге артып, қазір 9400 отбасын құрап отыр.
Ал Бірінші кредиттік бюроның сарапшылары биыл қазақстандықтардың азық-түлікке жұмсайтын шығын өскенімен, ішіп-жемі азайғанын мәлімдеді. Биылғы тоғыз айда бөлшек саудада 4,24 трлн теңгенің азық-түлігі сатылған. Бұл өткен жылғыдан 10,8% көп. Бірақ бөлшек сауда желілері арқылы сатылатын азық-түлік тауарларының саны 6,4%-ға қысқарған.
Ұлттық банк жариялаған деректерге сүйенсек, қазақстандықтардың 90%-ының жан басына шаққандағы табысы 151 мың теңгеден аспайды.
Сондай-ақ, бұдан бұрын елімізде 355 мыңнан астам бала кедейлік шегінде өмір сүріп жатқаны хабарланған.
Шенеуніктер келер жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшерінің 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге артуы нәтижесінде 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің ақшалай табысы ұлғаятынына сендіріп отыр.