Қарағандыда балалардың улануы: министрлік қайғылы жағдайдың себебін әлі анықтамаған

Ғалиасқар Думан

Еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Денсаулық сақтау министрлігі Қарағандының арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалардың жаппай улану себебін әлі анықтамағанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Instagram/pmsu_deti

Ulysmedia тілшісі оқиға шілде айында болғанын және сараптама екі айға созылғанын еске салды.

Шенеунік бұл іспен құқық қорғау органдары айналысып жатқанын айтты.

"Қазір балалардың денсаулығы жақсы, дәрігерлердің бақылауында. Қылмыстық тергеу жүргізілуде. Бізде сот-медициналық сараптаманың нәтижелері жайлы деректер жоқ", — деді ол.

Сондай-ақ, Есмағамбетованың айтуынша, бүгінде орталықтың барлық қызметкерлері жұмысын жалғастыруда.

"Шеттетілгендер жоқ. Барлық медицина қызметкерлері орталықта жұмысын жалғастырып жатыр", - деп толықтырды бас санитарлық дәрігер.

Еске салайық, 30 шілдеде Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалар жаппай уланғаны хабарланған. Уланған балалардың бірі бірден қайтыс болды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, балалардың улануына тамақтың қатысы жоқ.

Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл осы оқиғадан кейін елдегі 84 әлеуметтік мекеменің барлығы жіті тексерілетінін мәлім етті.

28 тамызда уланған балалардың тағы бірі көз жұмды

Бір қызығы, оқиғадан бері үш ай өтсе де министрлік Қарағандыда балалардың жаппай улану себебін әлі атай алмай отыр.