Түркістан шенділері 270 жер учаскесін заңсыз үлестіріп жіберген

Ғалиасқар Думан

Түркістан облысында прокурорлар таулы аймақтарда орналасқан 270 жер учаскелерін элиталық саяжай құрылысына заңсыз берілгенін анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

көрнекі фото

Бас прокуратура мәліметінше, аталған өңірде азаматтарға жалған құжаттар ұсыну арқылы 26 жер учаскелерін рәсімдеген және 28 жер учаскелерінің орнын заңсыз өзгерту фактілері орын алған.

Жергілікті атқарушы органдар Түркістан қаласы, Сарыағаш, Сайрам, Төлеби және Түлкібас аудандарындағы 200 ауыл шаруашылық жерлерінің нысаналы мақсаттарын негізсіз тұрғын үй құрылысы және демалыс аймақтарына өзгерткен. 

“Аталғандардың негізінде жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне қатысты билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану және алаяқтық фактілері бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды. Бұдан бөлек прокурорлардың ұсынысы негізінде мемлекеттік органдар 400-ден астам жерді мемлекет меншігіне қайтару процесін бастады”, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұдан бұрын Үкіметте игерілмей жатқан және заңсыз берілген жерлерді қайтару жөніндегі комиссия жұмысының нәтижелері жарияланған.

Сондай-ақ, жуырда СҚО-да жер қатынастары саласында талдау жүргізу кезінде елді мекендерге жақын жайылымдарды заңсыз беру дерегі анықталды. Облыстық прокуратура мәліметінше, жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғалары Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, жалпы ауданы 54 мың га ауылдарға жақын жерде 348 жайылымдық жерді заңсыз берген.