«Росатомның» бәсекелестері: Қазақстанда АЭС салуға АҚШ-тың екі компаниясы өтінім берді

Аян Өрібай

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «Росатомның» Қазақстанға АЭС салып беруге дайын екенін мәлімдеген Владимир Путиннің «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

– Росатом – вендердің бірі.  «Росатом» компаниясынан бөлек франциялық IDF, Оңтүстік Корея мен Қытай компаниясы бар екенін білесіздер. Сондай-ақ, біз америкалық General Electric , NuScale компанияларының ұсыныстарын қосымша қараудамыз. Яғни, шағын модульді реакторлар орнату технологиясын зерттеп жатырмыз. Десе де, шешім референдумнан кейін шешіледі», - деді Алмасадам Сәтқалиев. 

Сәтқалиев министрлік референдумға дайындалып жатқанын атап өтті. Соның аясында сарапшыларды ұсынып, халықпен кездесетін топтарға базалық мәліметтерді таратытылып жатқанын айтады.

– Референдумда қандай сұрақтар қойылатыны әлі жазылған жоқ. Ол сұрақтарды жазған кезде қоғамның пікірі ескеріледі. Қазір Конституцияға сай жұмыс жүріп жатыр. Бұған дейін де айтқанымдай, ол жұмысқа депутаттарды да, қоғамдық пікір көшбасшыларын да тартамыз», - деді Сәтқалиев.

Еске салайық, халыққа Жолдауында Қазақстан президенті АЭС құрылысына байланысты жалпыұлттық референдум өткізілетінін мәлімдеді.

Ulysmedia.kz тілшісі бұған дейін Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында атом электр станциясын салу жөнінде жария тыңдауға барып қайтқан еді. Үлкен ауылындағы көптен күткен үлкен жиынға жобаға қатысты компания өкілдері, Энергетика министрлігі мен Алматы облысы әкімдігінің қызметкерлері, жан-жақтан белсенділер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келген. Жиналғандар екіге бөлініп, жанжалдасып қала жаздаған болатын.

Көптеген қоғам қайраткері мен энергетиктер Қазақстанда қазір атом электр станциясын салу үлкен қателік екенін бірнеше рет айтқан. Сонымен қатар қоғамда құрылыс жобасы ресейлік "Росатомға" берілуі мүмкін деген алаңдаушылық бар.

Бұдан бұрын Энергетика министрлігі референдум өткізілгенге дейін АЭС құрылысына байланысты барлық жұмыстар тоқтатылғанын мәлімдеді.