Танымал саясаттанушы, кәсіпкер Данат Жумин Қазақстанда өмір сүрудің артықшылықтарын саралап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ол бұған дейін шетелдегі ахуалды жиі жазатынын, бұл ретте, салыстырмалы түрде Қазақстандағы жағдайды саралап беруді жөн көріпті.
“Бізде арзан. Сіз таң қалуыңыз мүмкін, бірақ солай. Қазақстанда көптеген заттар басқа елдерге қарағанда әлдеқайда арзан. Коммуналдық қызметтер, салықтар, бензин, нан, ет, интернет, қонақүй бөлмелері, пәтерлер, тіпті бургердің өзі әлемнің көптеген елдерімен салыстырғанда арзанырақ. Жоғарыда сипатталғандардың барлығы тым жақсы болмаса да, Еуропа немесе Америкадағы ахуалдан кем емес”, – дейді ол.
Данат Жумин Қазақстандағы медицина шетелмен салыстырғанда әлдеқайда қолжетімді екенін айтады.
“Тіс ауырды ма? Пломба жасау керек пе? Тест тапсыру немесе дәрігердің қарауынан өту керек пе? Мәселе емес. Сіздің қызметіңізде мемлекеттік және жеке клиникалар, жүздеген стоматологиялық кабинеттер және басқа да емдеу мекемелері бар. Олар сапалы, салыстырмалы түрде арзан. Бізде ұзын-сонар кезектер бар, кейде бірнеше сағат күтуге тура келеді дейсіз бе? АҚШ-та немесе Еуропада дәрігерге кезек бірнеше аптаға созылуы мүмкін. Бір тісті емдеу үшін орта есеппен миллион теңге, ал әдеттегі тексеру үшін жүз доллар төлеуге дайын болыңыз.
Бізде жөндеу жұмыстарын жүргізу оңай және арзанырақ. Құбыр ағып, жарықтандыру мәселесі туындады ма? Сантехник немесе электрик шақырып, екі мың теңгесін қолына ұстатасыз. Мәселе шешілді. Оларда олай емес. Кезекке жазыласыз. Бірнеше ай күтесіз. Қомақты қаражатты дайындап отыруыңыз керек. Егер сіз Еуропаның тарихи қаласында өмір сүру бақытына ие болсаңыз, онда қалалық әкімдікпен бірнеше айлық келісімдерге дайын болыңыз. Мен әрлеуге немесе қайта жоспарлауға, тіпті одан да көп құрылысқа байланысты кез-келген күрделі жөндеу туралы қозғамай-ақ қояйын”, – дейді Данат Жумин.
Саясаттанушы Қазақстанда бәрі өте жылдам жүріп жатқанын жеткізді. “Елдегі өзгерістердің де жылдамдығы өте жоғары. Жаңа нысандар салынуда, жаңа заңдар қабылдануда. Жаңа мақсаттар қойылып жатыр. Бұл елде іш пыспайды. Күнде жаңа міндеттер мен амбициялар пайда болады”, дейді ол.
“Біздегі мемлекеттік органдардың адамгершілігі мол. Бізде көптеген дамыған елдерде үстемдік ететін бюрокатия жоқ. Мемлекеттік органдарда әлі де пікір алмасуға, талқылауға болатын адамдардың бар екенін көріп жүрміз. Ал, ол жақта мемлекеттік қызметкермен дауласу деген... Полиция туралы үндемей-ақ қояйын.
Бізде еркін. Сөз бостандығы немесе басқа да саяси бостандықтар бойынша көшбасшы емес шығармыз. Бірақ қарапайым адам ретінде еркіндікті сезіне аламыз. Көптеген салалар әлі реттелмегендіктен, Қытайдағыдай бәрін бақылауға мемлекеттік органдарда жеткілікті ресурстардың жоқтығынан шығар. Бізде бұдан да басқа артықшылықтар бар.
Біздің еліміз өте үлкен, өте бай және өте сұлу. Біз ол туралы әлі көп білмейміз, сәйкесінше дұрыс бағаламаймыз. Біздің қастерлі шаңырақта бейбітшілік бар. Біз ешкіммен араздыққа жол бермейміз және ешкімге жамандық жасамаймыз. Біздің елді ешкім жек көрмейді. Лайым солай болсын!”, – дейді Д.Жумин.