Биыл бірінші жартыжылдықта Шымкент қаласына барған туристер саны 158 224 адамға жетті, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
otyrar.kz-ның мәліметінше, Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров осы жылдың бірінші жартысында қалаға келген туристер саны 158 224 адамға жеткенін айтқан. Бұл – өткен жылға қарағанда 2 есе жоғары көрсеткіш.
«Жыл соңына дейін толық есепте қала экономикасына 19 млрд. теңге қаржы түседі деп жоспарлап отырмыз», - дейді басқарма басшысы.
Есептік кезеңде жұмыстар 4 бағыт бойынша жүзеге асқан. Маркетингтік ілгерілету бағыты бойынша қалада «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығы құрылған.
Бүгінге дейін орталық тарапынан 115 тегін экскурсия ұйымдастырылып, 11 мыңға жуық туристке қызмет көрсетілген. Сондай-ақ, туристерді ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында VISIT-SHYMKENT.KZ порталы іске қосылған.