Мысырда төтенше жағдай режимі тоқтатылды

Ulysmedia

Мысыр президенті Әбдел Фаттах әс-Сиси елдегі 2017 жылдан бері жарияланған төтенше жағдай режимін алып тастады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

ТАСС-тың мәліметінше, бұл шешімді мысыр халқы бірнеше жыл күтті.

«Күресу пен еңбектену арқылы қолжеткізген осы бір сәтті бірге бөліскеніміз үшін қуаныштымын. Мысыр ұлы әрі адал халқының арқасында аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың оазисіне айналды. Мен соңғы жылдары алғаш рет төтенше жағдайдың ұзартылуын жою туралы шешім қабылдадым», - деп жазды ол Фейсбук парақшасына.

Айта кету керек, төтенше жағдай режимі 2017 жылдың сәуір айында Мысырда мереке күні Танта және Александрия қалаларындағы шіркеулерге экстремистер жасаған шабуылдардан кейін енгізілген болатын. Сол кезде 45 адам қаза тауып, 120-дан астам адам жарақат алған.

Осы жағдайдан кейін президент үш айға төтенше жағдай режимін енгізіп, қажет болған жағдайда бұл режим ұзартылыуы мүмкін екенін айтқан. Содан бері аталған режим әр үш ай сайын 18 рет ұзартылған. Ал пандемия басталған кезде президент аталған шара денсаулық сақтау саласына қатысты жағдаймен байланысты ары қарай созылатыны туралы қаулы шығарған болатын.