Аққулардың жаппай қырылуы: Ақтау Rixos-қа қатысты бірнеше іс қозғалды

Ulysmedia

Аққулар жаппай қырылғаннан кейін Ақтаудағы Rixos қонақ үйіне қатысты әкімшілік істер қозғалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia

Айыппұл есептеліп жатыр

Тексеру нәтижелері Aktau Tourism Ltd тарапынан экологиялық заңнаманың талаптары сақталмағанын анықтады. Әкімшілік істер ҚР ӘҚБтК 331-бабының 2-бөлігі және ҚР ӘҚБтК 328-бабының 1-бөлігі бойынша қозғалды.

331-бап атмосфералық ауаны қорғау және су объектілерін ластанудан және бітелуден қорғау жөніндегі талаптардың бұзылуына қатысты. 328-бап қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерінің бұзылуына жатады.

Қазіргі уақытта әкімшілік айыппұл есептелуде. Ақпаратты орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті растады.

Сәл шегініс...

Бұған дейін өлген аққулардың саны туралы ақпарат күн сайын жаңарып жатқанын жазған едік. 5 қаңтарда орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері 506 аққудың өлексесін тапқан.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қаракөл көлінің жағасында 30 аққудың өлексесі табылғаны хабарланған болатын. Бұл факті бойынша сараптама нәтижелері жарияланды.

Қаракөл көліндегі жағдайды видеоға түсірген Ақтау тұрғыны Азамат Сәрсенбаев өлген құстардың саны ресми мәліметке қарағанда едәуір көп екенін айтты.

Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасы Қаракөл көліндегі аққулар қоректің тапшылығынан өліп жатқанын мәлімдеді. Мамандардың пікірінше, аққуларды құтқару үшін құстарды тамақтандыруды шұғыл түрде ұйымдастыру қажет. Алайда бюджетте бұған қаражат көзделмеген, сондықтан басқарма демеушілер мен еріктілерді құстарды құтқаруға шақырады.