Анасын іздеген Жәнібек жетім балаларға сыйлық таратты

Оралхан Қожанов

20 жыл бұрын бельгиялық әйел асырап алған қазақ баласы Қазақстанға қайта келді. Жәнібек Савельев 28 ақпан күні «Мың алғыс» іс-шарасына қатысып, туған анасын іздеуге қол ұшын созып жатқан жандарға ризашылығын білдірді. Кейін Балалар ауылына барып, әкесіз, анасыз өсіп жатқан бүлдіршіндерге сыйлық үлестірді, деп жазады Ulysmedia.kz.

instagram_muratsaveliev

Жәнібек бүгінгі Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылған қайырымдылық іс-шарасына қатысты. Ол Арқалықтағы балалар үйінде кешкен естеліктерін бөлісіп, сондай орталықтарда жұмыс істейтін тәрбиешілерге алғыс айтты.

«Осы мейірімді мерекеде алғысымды білдіру үшін, Астанадағы @kindervillage ауылындағы балаларды қуантып, көптеген сыйлық, ойыншықпен баруға рұқсат етілді. Кейбір балалардың анасы да, әкесі де жоқ және олар кәмелетке толғанға дейін осы Балалар ауылында түрлі жастағы балалармен бірге аралас отбасында тұрады екен. Олар сыйлықтарды алып, ашып, көріп жатқанда, жүзіндеріндегі қуанышты байқап, өзім де толқып кеттім.

Осы ерекше мерекеде әр баланың жақсы, жылы үйде өмір сүруін тілеймін Әр баланың әдемі әпкесі мен ағасы болып, жалғызсырамауын сұраймын. Әр адамның алдында жарқын болашақ болса екен деп тілеймін», деп жазды Жәнібек әлеуметтік желідегі парақшасында.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін әлеуметтік желіде шетелде тұратын Жәнібек есімді (қазіргі құжатында ЭддЖан) жас жігіттің Қазақстанға келіп, анасын іздеп жатқаны туралы видео жарияланған еді. Белгілі болғандай, Жәнібек 2002 жылы 17 қаңтарда Арқалықта туған. 2004 жылы сол қаладағы балалар үйінен қазіргі бельгиялық отбасы, яғни жалғызбасты анасы асырап алуға алып кеткен.

Бұған дейін «Жәнібектің (Jani Eddy J Saveliev) анасы болуы мүмкін» деген келіншек ДНҚ сараптамасын тапсырған еді. Өзін Мұрат деп атағанды ұнататын бельгиялық баланың үміті ақталмады. ДНҚ сараптамасы теріс нәтиже көрсетті.