Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, елде қазір 5163 елдімекен мен қалада интернет бар. Бірақ 768 ауылда оның сапасы өте төмен, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
«Бұрын интернеттің сапасы туралы мәселені неге айтылмай келді? Ешқандай жауап бере алмаған едік. Өйткені ең төменгі деңгейдегі параметрлер белгіленбей келген. Мен өз бұйрығыммен ең төменгі деңгейлі параметрлерді белгіледім. Яғни 3G үшін 1,5 ол мегабит, 4G үшін 5 мегабитке дейін белгіленген. Тексеріс жүргізген кезде біз осы параметрлерге қараймыз. Бұрын тексеріс жүргізген кезде тек 3G бар ма деп қана қарайтынбыз. Хабарлама жіберілсе ғана ауылда интернет бар деуші едік. Ал қазір интернеттің параметрлеріне сай келе ме жоқ па – қарап жатырмыз», - ддеді Мусин ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Министр биылдың өзінде операторларға 400-ден астам тексеріс жүргізілгенін мәлім етті. Бұған дейін жыл да тексеріс саны 100-ден аспай келген.
«80 пайызы параметрлерге сай келмейтінін біліп, айыппұлмен операторларды жазаладық. 3-4 айдың ішінде мәселені шешпесе, айыппұлдар екі есе ұлғаяды. Депутаттармен бірігіп, айыппұлдар мөлшерін 100 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін арттырдық. Яғни 400 тексерістің нәтижесі ретінде 92 млн теңге айыппұл салсақ, 10 есе бір жылда 1-2 млрд теңгеге дейін айыппұл саламыз. Сол үшін сапасын арттыру үшін операторлар бар күшін салады деген ойдамын», - деді ол.