Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы әуе рейсі 4 есе ұлғаяды

Ulysmedia

Қазақстан мен Кореяның авиациялық билігі арасында келіссөздер жүргізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.

шартты сурет

Алматы қаласында Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның авиациялық билігі арасында екіжақты келіссөздер жүргізілді.

Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева Корея Республикасы Азаматтық авиация кеңсесінің бас директоры Йонг Коок Киммен кездесу өткізді. Келіссөздер нәтижесінде тараптар елдер арасындағы рұқсат етілген рейстердің жалпы санын аптасына 10-нан 42-ге дейін ұлғайтуға келісті.

– Сондай-ақ аптасына 40 жүк рейсін, оның ішінде «әуе еркіндігінің» бесінші дәрежесін пайдалану құқығын беру туралы келісімге қол жеткізілді. Келіссөздер барысында бағыттар мен тағайындалған тасымалдаушылар санына қойылған шектеулер алынып тасталды, бұл бәсекелестікті арттыруға және елдер арасындағы ұшу географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді, – деп хабарлайды комитет.

Тараптар әуе тасымалдаушыларының екі елдің астаналары арасында тікелей әуе қатынасын орнату ниетін қолдады.