Құлдықтың не екенін түсінесің – Кореяда бес жыл жұмыс істеген қазақ жігіттің әңгімесі

Сырым Қаржас

Оңтүстік Кореяда бес жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Рүстем атты жігіт өз тәжірибесі мен ойын бөлісті. Оның өзі әлі сонда жүр. Десе де, барғанына қатты қуанбайтын секілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

xrustiktok

Әлеуметтік желілерде xrustiktok есімімен белгілі Рүстем әлеуметтік желіде белсенді. Бірнеше мың оқырманы бар.

– Кореяда құлдықтың не екенін түсінесің. Англияда немесе Америкада жүрсең де, “гастербайтер” деген сөздің не мағына білдіретінін ұғасың. Ресейде Равшан мен Джамшут деген скеч-шоу бар еді ғой. Кореяда бірінші күні жұмыс істеген кезде тура сондай әсер алдым. Паркингте арық тазалап отырсам, жанымнан көліктен түсіп, кәріс әйел үстімнен қоқысқа қарағандай қарап өтеді ғой. Үш күн бұрын ғана Алматыда сыйлы ортада, жақсы ақшаға жұмыс істеп жүрген кезім еді. Бір-ақ күнде Кореяда қара жұмысқа жегіліп кете бардым. Сол кезде келудің мүлде керегі жоқ еді деп ойладым, – дейді Рүстем.

Осы сәттен кейін Рүстемге Оңтүстік Кореяның тамағы да, жұмысы да ұнамай қалған. Оның үстіне корей тілін білмей қатты қиналған. 

– Бірінші күні бастықтар корейше боқтай беретін, түк түсінбейміз. Стресс болдым. Бәрін тастап кеткім келді. Бірақ ұятқа қалмай, соңына дейін істейтін жұмысты істеп кетейін деп шештім, – дейді ол.

Рүстем десе де, сол кезде қайта салу да керек пе деп ойлайды. Себебі корей бастықтардың қазақтарды “қорадағы малды таңдағандай” таңдап жұмысқа әкеткенін көргенде қорланғанын мойындайды.

– Сол сәттер адамның ішіндегі потенциалды өлтіріп тастайды ғой. Сол сәттерді өмірімнен өткізіп, әртүрлі жұмыс істей келе ақшаны қалтаға баса бермей, миға құю керектігін түсіндім. Дамуыңа сала беру керек екен. Сонда ғана қазіргі жағдайдан шығады екенсің, – дейді ол.

Рүстем Оңтүстік Кореяда Қазақстан азаматтарын көп көргенін айтады. Тіпті олардың арасында банк секторында бастық болған немесе полицияның жедел тобында бастық болғандар кездесіпті. Оларға бұл жағдай психологиялық тұрғыдан тіпті ауыр тиген.

– Айтарым: жұмыс, ақша демей, ең алдымен, менің айтқанымды ойлап келіңдер. Оңай емес. Өзіңді гастербайтер ретінде сезіну өте ауыр. Қазақстанда да гастербайтер болып жүргендердің үстінен қарамай-ақ қойыңдар. Ол да адам. Бізде адам ғұрлы қарамайды. Бірақ бейімделіп алдық. Қарқынымызбен ақша тауып жатырмыз. Бірақ ең әуелгі жағдайлар оңай емес. Алғашқыда осы жақтан күніне тапқан 100 долларды Алматыда да табатынмын. Маған шынымды айтсам, келуге мән болған жоқ. Ал күніне 100 доллар таппайтындарға бәлкім, келуге болатын шығар, – дейді ол.

Екі ел арасындағы келісім

Еске сала кетейік, Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаевтың айтуынша, Қазақстан азаматтары заңды түрде Оңтүстік Кореяға барып, үш жыл жұмыс істей алатыны бұған дейін хабарланған еді. Асқарбек Ертаевтың айтуынша, Қазақстан азаматтарының Оңтүстік Кореяда жұмыс істеуге рұқсат беру жүйесі енгізу бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр. Осы айдан бастап қазақстандықтарды аталған елге жіберуге арналған Сапар орталығын ашу жұмыстары басталған.

Орталықтың негізгі міндеті – Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасқысы келетін үміткерлерге тілдік курстарды оқыту, корей тілінің тестілеуі, біліктілігін арттыру. Осы Сапар орталығы арқылы Қазақстан азаматтары үш жылға дейін жұмыс істей алады.