«Салтанатты соққан, артынша қылқындырған»: медэксперт өлім себебін ашып айтты

Аян Өрібай

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотында бүгін сот медициналық сарапшы Тахир Халиназаров келіп жауап берді. Ол Салтанаттың өлімінің себебі жайлы айта келе өлімге жарақаттың бәрі әсер еткенін, жеке осы соққы оған себеп болды деп бөліп қарауға болмайтынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

“Басын қорғап құлар еді”

Салтанат Нүкенованың мәйітіне сараптама жасаған сарапшы Тахир Халимназаров бүгін сот залында марқұмның бет-жүзінде болған зақымдарды манекенге салып көрсетті. Оның айтуынша, Салтанат Нүкенованың басына жасалған соққылар бірге өлімге әкеп соққанын айтады.

– Есі бар, ояу адам басынан мұндай жарақат алмайды. Кездейсоқ құлап кетсе де, ол міндетті түрде басын рефлекторлы түрде қорғап құлайтыны анық. Адам биіктен құлап кетсе, онда басын қорғай алмайды. Бірақ жерде тұрған адам басын жерге соғып, мұндай зақым ала алмайды, - деді Тахир Халимназаров.

Судья Айжан Көлбаева сарапшыдан “оны қылқындырған ба?” деп сұрады. Халиназаров “қылқындыру белгілері бар” деп жауап берді. Судья одан қарапайым тілмен түсіндіруді өтініп, “соққылардан кейін қылқындырған ба?” деп қайта сұрақ қойды. Эксперт “иә” деп жауап берді.

Бишімбаевтың ісі

Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды.  Прокурор экс-министр ісінің мән-жайын айтып берді.

Ал Бишімбаев тағылған айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрайды. Оған "қинау" (110-баптың 2-бөлігі) және "аса қатігездікпен адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.

12 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Бұл жолы да журналистер сот залына кіре алған жоқ. БАҚ тарапының базынасын сот қызметкерлері тыңдаған болғанымен, ешбір журналист сот залына кіре алмаған. Тіпті тілшілер полиция шақырып, сот әкімшілігі ақпарат алу құқығынан айырып отырғаны жөнінде арыз жазуына тура келген.

4 сәуір күнгі сотта Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Лейла Рамазанова бүгінгі сотқа Салтанат Нүкенованың денесіне жасалған сараптаманы жарамсыз деп тану қолайсыз деп тану жөнінде өтініш білдірген. Судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.  Ал Бишімбаевтың өзі тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын мәлімдеді. 

Прокурор Айжан Аймағанова Қуандық Бишімбаевтан ұрып-соққан жұбайына жедел жәрдем шақырудың орнына неге көріпкелге қоңырау шалғанын сұраған. Бишімбаев “бұл менің үлкен қателігім болды” деп жауап берді. 9 сәуірдегі отырыста сотта Бишімбаевтың ұсталған сәтінен видео көрсетілді. Видео оқиға орнына барған полиция қызметкерінің видеожетонына түсірілген.

Алдын ала тыңдаудан кейінгі соттарға журналистер кіруге мүмкіндік алды. Сот барысы Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының ресми сайтынан тікелей эфирден көрсетіледі.