Абай және Атырау облысында су тасқыны кезінде адамдардың жоғалып, суға кеткені жайттары бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қожаев не дейді?
Бұл туралы Сенат кулуарында ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев айтты.
– Су тасқыны кезінде көз жұмған немесе із-түссіз жоғалған адамдардың жайттары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өкінішке қарай мұндай оқиғалар болды. Абай облысында екі адам жоғалды. Атырау облысында да болды. Кейбір адамдардың денесі табылды. Қазір тергеу органдары тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, – деді Қожаев.
Аягөз ауданындағы оқиға
Аягөз ауданында болған оқиғаны Азаттық радиосы жазған еді. Басылымның хабарлауынша, Абай облысы Аягөз ауданындағы Қарағаш ауылында 26 наурызда трактормен бірге суға кеткен екі адам әлі табылмаған. Шалқар Қажыгереев пен Қуанышбек Мырзағазинді Қарағаш ауылы іргесіндегі Борлы өзені ағызып әкеткен. 39 жастағы Шалқар Аягөздегі әскери бөлімдердің бірінде келісімшартпен жұмыс істеген. Жанындағы Қуанышбек – 68 жастағы шопан. Шалқардың әкесі Тұрсынғали Қажыгереев трактордағы ұлы мен қойшы 26 наурыз таңғы алты жарымнан кешкі беске дейін су ортасында тұрғанын айтқан.
Атырау облысындағы оқиға
7 сәуір күні таңғы сағат 11 шамасында Атырау облысы ТЖД күшімен екі адамның денесі табылды. Жылыой ауданының Құлсары қаласында 1974 жылы туған ер адам досымен бірге рұқсат ету құжатынсыз су басқан тұрғын үйді тексеру үшін трактормен бара жатқанда жолдан шығып аударылған.
14 сәуірде Құлсарыда жоғалып кеткен екінші адамның, яғни 24 жасар жігіттің мүрдесі табылды. Атырау облыстық төтеше жағдайлар департаментінен мәліметіне сүйенсек, мүрде тасқын судың астында жатқан. Әкелі-балалы екі адам 6 сәуірде жоғалып кеткен еді.
Қазақстандағы су тасқыны
Еске сала кетейік, елде бірнеше күннен бері бірнеше өңірде су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.
Премьер-министр, штаб жетекшісі осы ретте Олжас Бектенов жауаптыларға бірқатар тапсырма берген.
Ulysmedia.kz редакциясының бас редакторы су тасыған Құлсарыға барып, арнайы репортаж түсірген болатын.