Оралдың саяжайларында үйі суға кеткен тұрғындарға әкім Төреғалиев қандай уәде берді

Аян Өрібай

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Оралда су тасқынынан зардап шеккен саяжай тұрғындарымен кездескен. Кездесуге келген тұрғындар су басқан саяжайларын қалпына келтіру, жаңа үй алу, әлеуметтік көмек мәселелерін айтысқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БҚО әкімдігі

Әкім не дейді

Облыс әкімі мемлекет тарапынан зардап шеккен азаматтарға тиісті көмек көрсетілетінін атап өткен. Оның айтуынша, қазір Орал қаласында су тасқынынан зардап шеккендердің шығынын есептеу және материалдық көмек төлеу жөніндегі арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Комиссия құрамына 10 жұмыс тобы жұмылдырылған. Бүгін де комиссия тексеру актілері аясында суы кеткен саяжайларды қарау үстінде. Кезең-кезеңімен барлық саяжайлар техникалық зерттеуден өтеді.

– Тұрғындар көмексіз қалмайды. Бір жолғы әлеуметтік төлемдер берілуде, бұл жұмыстар жалғасын табады, – деді Нариман Төреғалиев.

Бүгінде облыс бойынша зардап шеккен 2264 отбасына 813 млн теңге көлемінде 100 айлық есептік көрсеткіш біржолғы әлеуметтік төлемдер төленген. Оның ішінде саяжайда тұратын 863 отбасы бар. Сондай-ақ, бүгінгі жұмыс күнінің соңына дейін саяжайдағы 1080 отбасыға бір жолғы әлеуметтік төлем берілмек. Әкімдіктің хабарлауынша, ары қарай түскен өтініштер негізінде төлемдер жалғасады.

Өңір басшысы Нариман Төреғалиев саяжай тұрғындары орналасқан Орал қаласындағы эвакуациялық пункттердің біріне барып, тұрғындардың мәселелерін тыңдаған. Кездесу барысында саяжайларды қалпына келтіру, жарамсыз болған саяжайлардың орнына жаңа үйлер салу, материалдық шығындарды есептеу, тұрғын үйлерді сатып алу мәселелері көтерілді. Тұрғындардың сауалдарына облыс әкімі тарапынан тиісті жауап берілген.

Орал тұрғындарының жанайқайы

Еске сала кетейік, бұған дейін Ulysmedia.kz редакциясына Орал қаласы тұрғындарының Мәжіліс депутаттары Нартай Аралбайұлы, Ринат Зайытов, Абзал Құспан, Бақытжан Базарбек пен Асхат Аймағанбетовке жазылған өтініші келіп түскен еді. Хат мәтінінде Ulysmedia.kz редакциясы бұған дейін жазған мәселе көтерілген. Жайық, Шаған өзенінің суы тасып, саяжайдың мыңдаған тұрғыны үйсіз қалғандықтан, бәрінің уайымы бір – олар "енді далада қаламыз ба" деп алаңдайды.

– Президент өз сөзінде зардап шеккендерді ешқандай санатқа бөлмей, шығыны өтеледі, үй беріледі дегенімен, беруге келгенде билік өкілдері түсініксіз ережелермен миымызды қатырып, жігерімізді сөндіріп, өмірден түңілдіріп жіберді. Біз арыз-шағымымызды кімге барып, кімге айтарымызды білмей қалдық, – дейді Орал тұрғындары.

Өткен аптада өткен үкімет сағатында осы хатқа байланысты аты аталған депутаттарды портал тілшісі сөзге тартқан. Парламенттің төменгі палатасында жүрген өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа да осы сұрақты қойып үлгерген.