«Әріптестер жария еткісі келмеді»: Әйелін ұрды деп айыпталған дипломаттың жұбайы жанайқайын жеткізді

Ulysmedia

Ол ютуб арналардың біріне берген сұхбатында өзін күйеуінің қалай ұрып-соққанын және бұл жағдайдың неге жария болмай келгендігін айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia

Нүкте Youtube арнасына берген сұхбатында Сәкен Мамаштың әйелі дипломаттың әріптестері жанжалдың көпшілікке жария болғанын қаламағанын айтты.  

"Сіз ең жаманы не екенін білесіз бе? Біздің әріптестеріміз бұны көпшілікке жария еткісі келмеді. Біз консулды күтіп отырған кезде мен өзімді өте жа йсыз сезіндім. Олар (әріптестер) мені ауруханаға апарғысы келмеді. Себебі полицейлер бірден келіп, мұның бәрін жазып алады ғой. Егер маған бірдеңе болса, оқиға "оқыс жағдай ретінде жабылып қалуы да ғажап емес. Мұның бәрі дым білдірмей жауып тастар еді,”- деді ол. 

Карина Мамаш өзін күйеуінің себепсіз ұрып-соққанын да айтып берді. 

"Қыздар менен: “Қалай бұлай болды? Біз неге естімедік?” деп сұрайды. Бөгде адамдар бар жерде ол маған қол көтермейтін. Барлығы біздің жатын бөлмемізде болатын. Мен аулаға шықпадым. Мен оқшауландым. Ол телефонымды алып кететін, ал мен денем көгергендіктен далаға шыға алмадым", - деді дипломаттың әйелі. 

Каринаның оқиғасы

Карина Мамаш жақында күйеуі оны 10 жыл бойы физикалық және жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыратқанын айтқан еді. Әйелдің айтуынша, бірнеше күн бұрын Сәкен Мамаш оның БАӘ-ге қонаққа келген үлкен әпкесін де ұрып-соққан. Дипломаттың әйелі ауруханада, ал балалары әкесімен бірге болған.

Осы шудан кейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі дипломат елге қайтарылатынын хабарлады.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі дипломаттың әйелі Карина Мамашты елге жеткізу мәселесін шешіп, Карина көп өтпей елге оралды.

Астана полициясы Қазақстанның БАӘ-дегі елшісінің кеңесшісі Сәкен Мамаштың үстінен қылмыстық іс қозғады.