Қазақстанның ғарыш саласын дамыту үшін Үкімет 2,8 млрд теңге сұрап отыр

Аян Өрібай

Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтың депутаттарға берілген жауабында жазылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Сенаторлар бұған дейін ғарыш саласын дамытудың мән-жайын Үкіметтен білмекке сауал жолдаған.

Жауап

Үкімет басшысы Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар  орталығы ғарыштық зымыран кешенін құру үшін технологияларды әзірлеу үшін зерттеулерді жалғастырып жатқанын хабарлайды. Ол үшін Сербия, Қытай және Үндістан мамандарын тартпақ. Технологиялар трансферті және қазақстандық мамандар үшін тағылымдамаларды ұйымдастыру мәселелері талқыланып жатыр. 

– 2023-2024 жылдарға ғылыми бағдарламаны іске асыруға 908,8 млн теңге бөлінді, 2025-2027 жылдарға тағы 2,8 млрд теңгеге бюджеттік өтінім берілді, – дейді жауабында Олжас Бектенов.

“Бәйтерек” ұша ма

Қазақстан мен Ресей арасындағы қол жеткізілген уағдаластық шеңберінде «Бәйтерек» зымыран кешенінен алғашқы ұшыру 2025 жылы жоспарланған.

– Қазіргі уақытта тиісті үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, – дейді Бектенов.

Ғарыш аппараттары құрастыру-сынау кешенін (ҚСК) ұстау жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру үшін оны мемлекет балансына қабылдау жөнінде шаралар қабылданып жатыр («Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-дан). Үкімет қаулысының тиісті жобасы әзірленген, ол мүдделі мемлекеттік органдармен келісуде.

– Бүгінде ҚСК-де мемлекеттік тапсырма шеңберінде «KazEOSat-MR» орта ажыратымдылықтағы Жерді қашықтан зондтау ғарыш жүйесін құруға тапсырыс орналастырылды. Жоба операторы – «Ghalam» ЖШС, оған қажетті салық жеңілдіктері берілді. Ал «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймаққа енгізілді, – делінген жауапта.

Сондай-ақ ҚСК-де «KazEOSat-NR» жоғары ажыратымдылықтағы Жерді қашықтан зондтау ғарыш жүйесін және «KazSat-3R» ғарыштық байланыс жүйесін құруға тапсырыс орналастыру жоспарланып отыр.