Қазақстандықтар уақыт белдеуі өзгерген соң электр энергиясын көбірек тұтына бастады

Аян Өрібай

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев уақыт белдеуіндегі өзгеріс Қазақстанда энергия тұтынуға қалай әсер еткені жөнінде сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz

Министр не дейді

Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, Үкіметтің өзіндік генерацияны дамыту бойынша жүйелі бағдарламасы бар.

– Бізде қазір ең жоғары жүктемелерді жабу үшін шетелден электр энергиясын сатып алумен байланысты уақытша қиындықтар бар. Тәулік уақытының дифференциациясына байланысты электр энергиясы қымбатырақ. Бірақ, соған қарамастан, біз генерация объектілерінің жеткілікті үлкен көлемінің құрылысы басталғанын түсінуіміз керек. Осы арқылы негізгі жүктеме тапшылығы жабылады. Уақыт белдеуінің өзгеруіне қатысты KEGOC ресми түсініктеме берді. Шамалы өсім бар (электр энергиясының жұмсалуы жағынан) Бірақ жалпы тұтынудың жүзден бір бөлігінен аз, - деді министр Ulysmedia.kz тілшісінің сұрағына.

KEGOC-тың жауабы

Ulysmedia.kz тілшісі бұған дейін «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжановтан сағат белдеуінің өзгеруі Қазақстандағы электр энергиясын тұтынуға әсер етті ме, жоқ па деген сұрақ қойған еді.

Жалпы тұтынуға айтарлықтай әсер еткен жоқ, кешкі уақытта аздап өсу байқалады. Бірақ таңертең төмендеу байқалады. Сондықтан, жалпы алғанда, бұл электр желісіне түсетін жүктемеге әсер еткен жоқ, - деді ол.

Қазақстандағы уақыт белдеуін өзгерту

2020 жылы Қазақстанның біртұтас уақыт белдеуіне көшуінің бастамашысы Алматыдағы Фесенков атындағы Астрофизика институты болды. Астрофизиктер өз ұсынысын елдің басым бөлігі табиғи уақытына сай өмір сүрмейтінімен негіздеді.

Сол кездегі Премьер-министр Әлихан Смайылов республиканың UTC+5 уақыт белдеуіне көшу туралы Үкімет қаулысына қол қойды.

29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні жергілікті уақыт бір сағатқа артқа жылжыды.