Парламент Мәжілісінің депутаты Самат Нұртаза «Болашақ» бағдарламасы айналасында болып жатқан шуға қатысты пікір білдіріп, бағдарламаны жабуға «түбегейлі қарсы» екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Көргенсіз, пейілі таза еместер кездеседі»
«Болашақ» бағадарламасына біраз шабуылды әлеуметтік желіде байқап қалдым. Президент бағдарламасымен оқыған 3-4 қылмыскерлер мен жемқорларды алға салып, бағдарламаны жабуды талап ететін азаматтарды көзім шалып қалды.
Айтайын дегенім, «Болашақ» бағдарламасының арқасында талай кедей және орташа отбасыдан шыққан жастар шетел көрді, білім алды, мемлекеттік секторда орта деңгейінде қызмет етіп, Елге пайдасын келтіріп жатыр.
Әрине қоғам болған соң, студенттердің арасында да жауапсыз, көргенсіз, пейілі таза еместер кездеседі. Алайда сол 3-4 адам үшін бүкіл бағдарламаны жабуға түбегейлі қарсымын, - дейді ол.
Депутат Еуропа мен АҚШ, Канада мен Қытайда білім алуға қазақстандықтардың 80 пайызының қалтасы көтермейтінін, салдарынан ғылыми прогресс пен дүниежүзілік бәсекелестіктен артта қаламыз деп отыр.
«ТМД мемлекеттерінде ондай бағдарлама жоқ»
Егер «Болашақ» бағдарламасы жабылса, біз 2040-2060 жж мемлекетті көтеретін буынның тамырына балта шабамыз. Европа мен АҚШ, Канада мен Қытайда білім алуға 80% қазақстандықтардың қалталары көтермейді, нәтижесінде ғылыми прогресс пен дүниежүзілік бәсекелестіктен артта қаламыз. Әрине бүгінгі буын ол қатерді сезінбей өтеді, қиналатын сол немерелеріміздің буыны.
Тоқ етері, «Болашақ» бағдарламасына талаптарды күшейтіп, іріктеу процессін қатаңдатып, бірақ жастарды жіберуді тоқтатпау керек. ТМД мемлекеттерінің арасында ондай бағдарлама жоқ, не болып жатқанын көріп отырмыз. Өз сорпасына өздері малынып отыр. Жаһандану процессіне есе жіберуге болмайды. Айтарым осы, - дейді Самат Нұртаза.
Еске салсақ, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Болашақ» бағдарламасының түлегі Валерия Гавриленконың ісіне қатысты даудың егжей-тегжейін айтып берген болатын.
Сондай-ақ Бұрынғы Оқу-ағарту министрі, қазіргі депутат Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, «Болашақ» бағдарламасын жабуға болмайды.
Дау неден басталды
Наталья Воробьева мен Мақпал Дәрібаева "Болашақ" бағдарламасының бұрынғы қатысушысы Валерия Гавриленкоға кезінде гарант болған. Олардың айтуынша, оқуды бітіргеннен кейін Валерия 2017 жылы орталық қызметкерлерімен сөз байласып, екі пәтерін орталықтың кепілінен заңсыз шығарып, Ұлыбританияға кетіп қалған. Енді қазін “Болашақ” өз құжатын заңсыз деп танып, Гавриленконы стипендиядан айырып, оқу ақысын өтеуді талап етеді.
"Бірақ Гавриленко елде ұзақ уақыт болмағандықтан одан орталық қарызды өндіре алмады. Ал 2024 жылы үш жылдан кейін оның 30 миллион теңгеге жуық қарызын бізге төлеткелі отыр, - дейді Наталья Воробьева.
Оның үстіне, ол бес жыл ішінде кінәлілер анықталмай, қылмыстық іс қозғалмады деп мәлімдейді.
"Экстрадициялау механизмі пысықталып жатыр”
Халықаралық бағдарламалар орталығының басшысы Әлия Оспанова 13 мың табысты түлектердің шамамен 1% оқуын аяқтамаған немесе еңбек міндеттемелерін орындамаған түлектер екенін атап өтеді.
"Бұл жағдайда бағдарлама стипендиаты саналы түрде заңсыз әрекет жасады және Ұлыбританияға көшу құралы ретінде мемлекеттік стипендияны пайдаланды. Орталық мемлекет алдындағы міндеттемелерін орындамайтын стипендиаттарды экстрадициялау тетігін пысықтап жатыр. ІІМ, СІМ, құқық қорғау органдарына хаттар жолдады, сол елдегі тиісті органдармен жұмыс жүргізіп жатыр, – деді ол.
Орталық қызметкерлері жауапсыз қала ма
Алаяқтыққа қатысы бар қызметкерлерге қатысты қызметтік тергеу жүргізілген.
"Құқық бұзушылық анықталып, істі қозғау үшін прокуратураға жіберілді", – деп толықтырды Әлия Оспанова.
Студент туралы не белгілі
Валерия Гавриленко 24.kz арнасында жаңалықтар жүргізушісі болып жұмыс істеген. Дау басталғаннан кейін әйел өзінің Instagram парақшасын жауып тастаған. Дегенмен, біз оның профилін осы уақытқа дейін көре алдық. Ол фотосуреттерді көптен бері жарияламаған. Бірақ ол Chanel бренді сияқты өте қымбат сөмкелерді жақсы көретінін атап өткен жөн.