«Қауырт жұмыс» немесе Қазақстанның жаһандық саммитке қатыспауының шынайы себептері қандай

Ulysmedia

Өткен жексенбіде Швейцарияда Бейбітшілік саммиті өтті. Саммитке жиналғандар негізінен Ресей мен Украина арасындағы соғыс тақырыбын талқылады. Жаһандық бейбітшілік саммитіне кімдер қатысты, кім қатысудан бас тартты, не айтылды, т.б. мәселелер төңірегінде Ulysmedia.kz арнайы сараптама жасады. Иә, айтпақшы бұл жиынға Қазақстан қатыспады. Неге дейсіз бе? Тарқатып айтамыз.
 

Коллаж Ulysmedia

БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің жартысы қатысқан шара

Бюргенштоктағы (Швейцария) кездесуге 92 елдің өкілі қатысты, оның 57-сі жоғары деңгейдегі делегаттар (перзиденттер, үкімет басшылары) болды. Басқа мемлекеттерден салалық министрлер, елшілер және 8 халықаралық ұйымның өкілдері қатысты. Біріккен Ұлттар Ұйымына 193 мемлекет мүше екенін ескерсек, жер шарының жартысы осы саммитке келген. Басқосуда Ресей – Украина арасындағы соғыс, оның өзге елдерге тура және жанама әсері айтылды. Оның ішінде қауіпсіздік, радиация, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі секілді іргелі мәселелер бар. Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведев жиналғандардың санынан үрікті ме, әлде басқалай өз себебі болды ма, әйтеуір саммит қатысушыларын «бір қора қатысушы» деп атапты.

Бір қызығы, саммитке мемлекет басшылары деңгейінде болмаса да, БРИКС блогының үш мүшесі қатысты. Мысалы, премьер-министр Нарендра Моди (Үндістан) Ресейдегі бұрынғы елші Паван Капурға саммитте Үндістан атынан өкілдік етуді тапсырған. Бразилия мен Оңтүстік Африка саммитке бақылаушы ретінде қатысты.
 
Саммит жұмысына көлеңке түсіру

Саммитті ұйымдастырушылардың бастапқыда көздегені – саммитке қатысушылардың саны мен салмағы. Саны көп сапасы жоқ болса, ол да түпкі миссияға әсер етеді. Ал түпкі миссия Ресейдің арынын тежеу, Украина мәселесіне әлем назарын барынша көбірек аудару еді. Алайда аталған саммитке әлемдік саяси һәм экономикалық аренада өзіндік салмағы бар Қытай қатысудан бас тартты. Ресей онсыз да шақырылмады.

Саммит қарсаңында Владимир Путин ақпарат алаңында хейт жасады, ондағы мақсаты әлемдік саммиттің берекесін қашырып, оның маңыздылығын жоққа шығару болған секілді.

“Егер ресми Киев Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарының аумақтарынан әскерлерін шығаруға келіссе, сондай-ақ НАТО-ға кіруден бас тартса, біз атысты дереу тоқтатып, келіссөздер үстелінде бас қосуға дайынбыз,” - деді Путин.

Путин осыдан екі жыл бұрын соғысты бастаған кезде тек ЛНР мен ДНР туралы ғана айтқан. Ал бүгін Запорожье мен Херсоннан да дәмесі барын сездірді. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Петербургте өткен форумда Қазақстан үй ішінен үй тіккен ЛНР-ды да, ДНР-ды да мойындамайтынын кесіп айтты. Саммитке Әзірбайжан да, Орталық Азияның бес мемлекеті де қатыспады. Кавказ аймағы елдерінен Армения мен Грузия ғана бой көрсетті.
 
Ресейдің қолдауы

 
Саммитке Әзірбайжан мен Орталық Азияның барлық елдерінің өкілдері келген жоқ. Саммитке посткеңестік кеңістіктегі Закавказье республикаларынан Грузия мен Армения қатысты.

“ТМД-ға мүше мемлекеттердің арасынан саммитке Арменияның ғана баруы ресми Кремльдің әлі де мықты екенін байқатады. Басқаны айтпағанның өзінде, Қазақстанның саммитке қатыспауы Қазақстан билігінің екі ел арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіруден қорқатынын білдірсе керек. Бұл бірінші кезекте Мәскеумен жанжалдаспауға сендірген ресейлік дипломатияның жетістігі,” - деп жазды ресейлік «Ведомости» басылымы.

Бұл сөз басылым бетінде ТМД елдері институты директорының орынбасары Игорь Шишкиннен шығып отыр.

Оның айтуынша, ТМД елдеріне Ресеймен қақтығыс қажет емес, олардың ол жаққа (саммитке) бармағанын қазіргі жағдайда Ресейге қолдау көрсету деп түсінуге болады.

Барғым келеді, бара алмаймын

Шишкиннің Қазақстанды ерекше атап өтуі тегін емес. Еліміздің Швейцарияға бармайтыны саммитке екі апта қалғанда белгілі болды. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров бұл туралы «Алдын-ала жоспарлап қойған ауқымды шараларға байланысты Қазақстан бұл саммитке қатыса алмайды» деген мәлімдеме жасады.

“Қазақстан саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салада Украинамен де, Ресеймен де бірдей қарым-қатынаста. Біз елдердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын БҰҰ Жарғысына сай сақтау керектігін әрқашан қолдаймыз,” - деген-ді А.Смадияров.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев та саммит туралы бірдеңе айтқан болды.

“Сыртқы істер министрлігі бұл позицияны бүгін ғана айтып отырған жоқ, бұған дейін де осындай ұстанымын білдіріп жүр. Мен де осы бағытта өз пікірімді ірікпей айтып келемін. Біз қазір Украинадағы қантөгісті тоқтату өте маңызды деп санаймыз. Біздің ұстанымымыздың қай жерінен екіұштылық байқап отырсыздар? Біз бұл туралы үнемі айтып жүрміз, келіссөздерді бастау керек, мәселені талқылау керек, шешу жолдарын іздеу керек дегенді соғыс басталғаннан айтып келеміз. Бұл тұрғыда Қазақстан өз көмегін де ұсынды,” - деді Мәулен Әшімбаев.

Тығырықтан шығар жол табылады

ВВС-дің хабарлауынша, бейбітшілік саммитінің қорытынды коммюникесін 78 қатысушы мемлекет қолдаған, яғни қорытынды құжатқа барлығы бірдей қосылмаған. Армения, сондай-ақ бақылаушы ретінде қатысқан Бразилия мен Ватикан құжатты қолдаудан бас тартқан.

Құжатта ресей әскерін Украина аумағынан шығару туралы тікелей айтылмаған, бірақ халықаралық мойындалған шекаралар шегінде кез келген мемлекеттің, соның ішінде Украинаның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу қажеттігі туралы айтылған.

Біздің ойымызша, Қазақстан бұл саммитке бақылаушы мәртебесінде қатысқанда, онда қорытынды коммюникеге қол қоймауына да болушы еді. Яғни, саммитке қатыспай қалғаннан гөрі, қатысып, бірақ қол қоюдан «сыпайы» түрде бас тартуына болушы еді. Осы орайда тағы қайталап айтайық, бақылаушы мәртебесін алған елдер коммюникеге қол қоймаса, ол айып емес.  
 
Қолы тимегені қалай?

Қазақстан Швейцарияда өтетін жаһандық бейбітшілік саммитіне неліктен қатыспады? Мұндай шешімдер әдетте елдің жоғары басшылығымен қабылданады және оның бірден-бір себебі геосаяси жағдайлар болуы мүмкін.

Сондықтан А.Смадияров айтқан хаттамаға қатысты мәселе туралы сөз болуы мүмкін емес. Яғни, Қазақстан дипломаттары тығыз жұмыс кестесіне байланысты саммитке қатыса алмайды деген сөздің қисыны жоқ.  

“Қазақстан алдын-ала жоспарлап қойған халықаралық іс-шаралар кестесіне орай саммитке қатысқан жоқ,” - деді ол. Басқа-басқа, демалыс күндері басқа қандай халықаралық іс-шара болуы мүмкін? Тіпті, оны қойшы, Швейцариядағы елшіміз қайда? Берн мен Бюргеншток арасы небары 125 шақырым емес пе?

Ресми биліктің қандай ұстанымда болғанын өздері айтпай, сыртынан тон пішу біздің әдетіміз емес. Мұндай шешім қабылдау ресми Астана үшін оңай емес. Соған қарағанда, бұл бір ғана мәселеден туындап отырған жоқ, бірнеше кешенді мәселенің ортақ әсері болса керек-ті.
 
Көпвекторлы саясат

Қазақстанның жаһандық бейбітшілік саммитіне қатысудан бас тартуын кейбір сарапшылар Астананың қорқақтығы деп ойлады. Дегенмен мұндай мәлімдемелер тым үстірт жасалғандай көрінеді. Мұндай сарапшылар Қазақстанның көпвекторлы саясат ұстанатынын ұмытып кеткен сияқты.

Көпвекторлы саясат – бұл әртүрлі елдермен және саяси блоктармен қарым-қатынасты сақтауға және дамытуға бағытталған стратегия. Бұл тәсіл мемлекетке өз байланыстарын әртараптандыруға, сауда, инвестиция және саяси ықпал ету мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Дегенмен, айқын артықшылықтарға қарамастан, көпвекторлық саясаттың да осындайда белгілі бір қиындықтар туғызатыны рас.

Мемлекет бірнеше елмен немесе блокпен тығыз байланыста болуға ұмтылғанда, осы субъектілердің мүдделері мен ұстанымдары қайшы келетін жағдайлар жиі туындайды. Бұл үкіметтен үнемі тепе-теңдікті сақтауды, компромисстік шешімдер мен күрделі келіссөздерге дайын болуды талап етеді. Сайып келгенде мұндай саясат саяси және экономикалық шешімдер қабылдау үдерісін бәсеңдетеді. Былайша айтқанда, әр қадамыңды жеті рет өлшеп, бір рет кесуің керек.
 
Бәріне бірдей жағу мүмкін емес


Көпвекторлы сыртқы саясат бүгінде бұрын-соңды болмаған кедергілерге тап болып отыр.

Біріншіден, саммит Ресей мен Батыс арасындағы қайшылықтарды барынша ушықтырған Украинадағы қақтығыстың фонында өтті. Мұндай жағдайда Қазақстанның саммитке қатысуын тараптардың бірі сөзсіз қолдау көрсетудің көрінісі ретінде қабылдайды, бұл көпвекторлық қағидаттарға қайшы келеді.

Қазақстанның саммитке қатыспау туралы шешімі өзінің стратегиялық ұлттық мүдделерін қорғауға деген ұмтылысынан туындаған деп болжауға болады.

Екіншіден, әлем жаңа қырғи-қабақ соғыстың қарсаңында тұрғандықтан, Қазақстан бұл геосаяси текетіресте тараптардың бірін таңдай алмайды. Саммитке қатысу Ресейге қысым көрсету құралы ретінде қабылдануы мүмкін. Ал ол Астананың Мәскеумен қарым-қатынасына сызат түсіріп, ел экономикасы мен қауіпсіздігіне кері әсер етеді.
 
Қиын таңдау

Барлық мүдделі тараптардың көңілінен шығуға деген ұмтылыс мемлекеттің сыртқы саясатында да теріс әсер етеді. Өйткені белгілі бір мәселеге қатысты нақты ұстанымы жоқ елмен ешкім байланыс жасағысы келмейді. Себебі ондай елдің табанының бүрі жоқ деп қабылдап, оған сенім болмайды.

Сонымен қатар, көпвекторлылық мемлекеттің ішкі істеріне сырттан әсер етуге ұмтылушылардың қатарын арттырып жібереді. Олар өз жағына тарту үшін іштен шалады, оның ішкі ісіне араласып, қысым жасай бастайды.Көп векторлы даму саясатының тағы бір қауіптісі – негізгі серіктестерге экономикалық және саяси тәуелділік болады. Сыртқы саясаттың «бәріне жағу» ұстанымы немесе тепе-теңдікті сақтауға ұмтылуы саяси элитада, қоғамда және сарапшылар арасында келіспеушіліктер мен қайшылықтарды тудыруы мүмкін.

Сондықтан қазақстандық дипломаттардың саммитке қатыспау туралы шешімі біздегі көптеген күрделі мәселенің бетін ашқандай. Дипломаттар «қатыспаймыз» деп ашық айтпаса да, бұл дипломатия тілінде «сыпайы» түрде бас тарту дегенді ұқтырса керек.