Қарағандыда 4 жасар қызды ит талап тастады

Ғалиасқар Думан

Оқиға ойын алаңына жақын маңда болған. Иесі ағашқа байлап қойған ит өзін сипамақ болған кішкентай қыздың бет-аузын тістеп алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Патриот

«Патриот» басылымының хабарлауынша, қыздың бетін сегіз жерден тіккен. Иттің иесі баланы анасымен ауруханаға жеткізген.

«Енді қыздың бетінде тыртық қалады. Иттің иесі қыз жануарға өзі келгенін, ата-анасынсыз жалғыз жүргенін айтып, жауапкершілік алмайтынын жеткізді. Балалар ойын алаңында да ересектермен жүруі керек пе? Ал иттің тұмсығына неге ештеңе тақпаған?», — дейді қыздың туыстары.

Кейін полиция ит иесіне айыппұл салды.

«Қыздың анасы иттің иесін жауапқа тарту туралы өтініш жазбады. Материалды қарап, оған әкімшілік жаза тағайындалды. Оған 36 920 теңге айыппұл салынды», — деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров.