Финляндия мен Норвегия басшылары Украинадағы соғысты тоқтату бойынша Путинге қоңырау шалды

Финляндия президенті Александр Стубб пен Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёре ұзақ уақыттан кейін Владимир Путинмен тікелей байланысқа шықты. Олар Ресей президентін Украинадағы соғысты тоқтатып, келіссөздерге оралуға үндеді. Әңгіме Киевтің хабардар болуымен, Ресей, Украина және АҚШ өкілдерінің Абу-Дабиде өтетін жоспарлы кездесуінің қарсаңында болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Стубб пен Стёре Хельсинкиде бірге отырып, Ресей президентіне қоңырау шалған. Норвегия үкіметінің хабарлауынша, бұл бастаманы екі еуропалық көшбасшы көтерген. Қоңырауға дейін олар Украина тарапымен кеңескен. Мақсат – алдағы бейбіт келіссөздерге қатысты ұстанымдарын Мәскеуге жеткізу.

Финляндия мен Норвегияның Ресеймен ортақ шекарасы бар. Екі ел де Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс бастағаннан бері Киевті қолдап келеді және көмекті жалғастыруға ниетті.

– Әңгіме ашық әрі мазмұнды болды. Біз Ресеймен көршілеспіз. Бұл соғыстың нәтижесі өз қауіпсіздігімізге де, жалпы Еуропаның қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді. Соғысты тоқтату үшін келіссөздер қажет, – деді Александр Стубб.

Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёре соғыстың адам шығыны мен қирауға әкелгенін, оның салдары бірнеше ұрпаққа әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, әңгіме барысында тараптар шиеленісті бәсеңдету қажеттігін алға тартқан.

Мәскеудің өз талаптары бар

Кремль телефон арқылы сөйлескенін растады, алайда әңгіменің қорытындысын өз тарапынан баяндады. Ресей президенті әкімшілігінің мәліметінше, Владимир Путин ұзақ мерзімді реттеу Ресейдің мүддесі толық ескерілген жағдайда ғана мүмкін екенін тағы да мәлімдеген. Сондай-ақ ол Еуропалық одақ пен НАТО-ны, өз пікірінше, соғыс қимылдарының созылуына ықпал ететін саясат жүргізіп отыр деп айыптаған.

Reuters агенттігінің Кремльге жақын дереккөзге сілтеме жасап хабарлауынша, Путин еуропалық әріптестеріне Ресейдің Донбастың бүкіл аумағын бақылауға алу талабынан бас тартпайтынын аңғартқан.

Тараптар Балтық теңізі мен Солтүстік Еуропадағы қауіпсіздік мәселелерін де талқылаған. Стубб пен Стёре кеме қатынасының еркіндігі мен халықаралық теңіз құқығын сақтаудың маңызын атап өтті.

Бұдан бөлек, Путин Херсон бағытындағы Алёшки маңында гуманитарлық операция жүргізіліп жатқанын хабарлаған. Операция АҚШ-тың араағайындығымен жүзеге асырылып жатыр. Оны өткізу үшін уақытша атысты тоқтату режимі жарияланған. 

Путинмен сөйлескеннен кейін Финляндия мен Норвегия басшылары Украина тарапымен де байланысқа шыққан.

Киев келіссөздерді жеделдеткісі келеді

Бұған дейін Ulysmedia.kz Украина Ресей және АҚШ-пен Абу-Дабиде өтетін келіссөздерді ертерек ұйымдастыруға тырысып жатқанын хабарлаған.

Келіссөздердің келесі кезеңі алдын ала 10 қарашаға немесе одан кейінгі жақын күндерге жоспарланған. Алайда Киев кездесуді айдың басында өткізуді ұсынады. Украина тарапы қыс мезгілі қарсаңында энергетикалық жағдай нашарлай ма деп алаңдап отыр.

Сондай-ақ Украина келіссөздерге Еуропа елдерінің өкілдерін қатыстыруды көздейді. Ал Мәскеу алғашқы кездесуде олардың келіссөз үстеліне отыруына қарсы.