Дужновтан кейінгі өзгеріс – Тоқаев қарыз алушы мен банк міндеттерін айқындап берді

Ulysmedia

Алматыда 5 адамның өлімімен аяқталған қайғылы жағдай банктер мен қарыз алушылардың арасында шешілмеген мәселе көп екенін айқындап берді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы ретте қос тараптың жауапкершілігі, міндеті қалай болуы керектігін ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында кеңірек айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«Алматыда қыркүйекте мәжбүрлі көшіру барысында қайғылы жағдай тіркеліп, біздің қоғам дүр сілкінді. Бұл қылмысты қалай бола да ақтауға болмайды. Біз даулы мәселелер заңға сәйкес шешілетін құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз.  Тергеусіз сот үкімін жасауға ешкімге рұқсат жоқ. Бұл қайғылы жағдай қарыз алушылардың өз міндеттерінің орындауында, банктерде мүлікті бағалауда ашықтық жоқ екенін көрсетіп берді. Бүгін біздің 540 мың отандасымыздың 90 күннен асқан жалпы құны 354 млрд теңгелік қарызы бар. Бұл бағытта қарыз алушылардың қаржылық секторға зиянсыз қарыз алуын қолдау үшін тиімді шешім қабылдау керек. Екінші деңгейлі банктердің кепілдік бағыттағы жұмсақ саясатын қамтамасыз етуін талап етіп, бағалау қызметінің жұмысын реттеу керек. Қарыз алушыға мәжбүрлі тәркілеуден бұрын 3 ай ішінде кепілге қойылған мүлікті сатуға мүмкіндік берілуі тиіс. Қарыз мүлік бағасының 15 пайызына жетпесе, ал қарыз мерзімі 6 айдан аспаса тәркілеу дегенді мүлде қолданбау керек», - деді президент.

Оның айтуынша, егер қарыз алушының кепілге қойған мүлкі негізгі қарызды жаба алмаса, оның қалған қарызы сызылып тасталуы тиіс. Бірақ бұл ретте қарыз алушыда басқа мүлік болмаған жағдайда осы шараны қабылдауға болады. Аукциондық сауда-саттықтың әділеттігі мен ашықтығын қамтамасыз ету керек. Кепілге қойылған мүлік бағалау құнының 70 пайызынан аз бағада сатылмауы тиіс.

Президент сауда-саттыққа қарыз алушының туған-туыстарын қатыстырмау керектігін ескертті.

«Бағалаушылардың да жұмысы бақылануы тиіс. Олардың жұмыс өтілі 3 жылдан аз болмауы керек. Бағалаушылар 3 жыл сайын біліктілікті арттыру крусынан өтуі тиіс. Сонымен қатар сенімсіз бағалаушылардың реестрін құруды тапсырамын», - деді ол.