Қонақ үйлер нашар, дәретханалар жиіркенішті – Қазақстанды аралаған түрік азаматы (ВИДЕО)

Сырым Қаржас

Ыстамбұлдан тойға келген түрік азаматы Қазақстанның туризміне баға беріп, көңілі неге толмайтынын айтып берді. Шетел азаматы "Ауылға жол" жобасы шеңберінде бүкіл Қазақстанның ауыл-аймағын аралап жүрген Ulysmedia порталының шығармашылық тобымен кездескен. Видеоға түсірілген шағын әңгіме Тик-Ток желісінде қызу талқыланып жатыр.

скриншот

Жолдарда проблема бар

– Дұрысын айтайын ба? Демалу орындары өте нашар. Әжетханалар жиіркенішті. Дұрыстау керек. Одан кейін жолдардың бір бөлігі жақсы, бір бөлігі нашар. Жолдарда біраз проблемалар бар. Бірақ жолдардың жасалып жатқанын да көрдім. Біраз үлкейту керек. Ауылдар өте көп, – дейді ол.

Хакан есімді азамат Ulysmedia порталының шығармашылық тобына Абай облысында кездесті. Қазақстанның туризміне не жетіспейді деген сұраққа да ашығын айтып жауап берді.

– Біріншіден, тамақтың түрі. Барлығы ет. Тәттілер нашар, кекс пен торт сияқты, бірақ өте нашар. Түркияда тәттінің түр-түрі көп. Көлікті жалға алу мәселесі шешілмепті. Ұзақ жерлерге көлікті бермейді. Мәселен, Алматы жарайды, бірақ мен Катонқарағай жаққа кетемін. Көлік жоқ, – дейді ол.

Хаканның туристік жерлердегі қонақ үйлерге көңілі толмайды. Нашар деп баға береді. 

– Алматыда люкс жерлер бар. Сыртта, ауылдарда, ұзын жолдарда қонақ үйлер өте нашар. Бір қонақ үй алдық. Люкс деді, бірақ біздің Түркиядағы “ұстаздар үйі” сияқты. Біздің Түркиядағы ұстаздар үйі одан әдемі. Отельдерді жақсарту керек, – дейді ол.

Әйтсе де, Хакан Түркияға қарағанда Қазақстанда үй, электронды құралдар, бензин, киім-кешек, көлік арзан екенін айтады. Ауылдардың үйі кең деп мақтайды. Адамдары қандай деген сұраққа турасын айтты.

Ауылға жол

Бірнеше күннен бері Ulysmedia командасы «Ауылға жол» атты жаңа жоба бойынша өңірлерді аралап жүр. Онда редакцияның шығармашыл тобы ауыл-аймақты аралап, жұртшылықтың тыныс-тіршілігімен танысып, оқырман мен көрерменге өңірлерден ақпарат таратуды мақсат еткен.

Жалпы елдің күретамыры – ауылдарда ахуал қандай? Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде билік уәде еткендей халыққа көмек көрсетіліп жатыр ма? Ауылдың түтіні қалай түзеледі? Ол үшін жергілікті атқарушы органдар қандай шаруа атқаруда? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын іздеуді мақсат тұтқан команда шыққан материалдарды ресми парақшаларымыз бен сайтымызда жариялайды.