Астана әуежайының әкімшілігі ұшу-қону жолағындағы төтенше жағдайдың мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жергілікті уақыт бойынша сағат 16:00-де Boeing 777-300ER бортында Токиодан Цюрихке ұшқан Swissair ұшағы Астана әуежайына шұғыл қонғаны хабарланды. Экипаж 50 жастағы жолаушы инсульт алды деген күдікке байланысты қонуға шешім қабылдаған.
Ұшақ сәтті қонғанымен кейінірек ұшу-қону жолағынан сырғып шығып кеткен.
«Сағат 16:00-де сәтті қонғаннан кейін, такси жолындағы бұрылыс кезінде экипаждың қателігінен ұшақ топырақты жерге сырғып кетті.
Осыған байланысты сағат 16:03-те құтқару жұмыстарын жүргізу үшін дабылды ескерту жарияланды», - делінген хабарламада.
Астана әуежайы екі сағатқа барлық рейстерге уақытша жабылды.