Кеше Астанаға Swissair ұшағының шұғыл қонуына себепші болған Жапония азаматы жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Дәрігерлердің айтуынша шетелдіктің жағдайы ауыр.
Елордалық денсаулық сақтау басқармасы ұшақта инсульт алған жолаушының 52 жастағы Жапония азаматы екенін хабарлады.
«Осы жылдың 17 тамызында жедел жәрдем қызметінің күшімен жедел ми қан айналымы бұзылысы (инсульт) бар ер адам әуежайдан №2 қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізіліп, аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазіргі жағдайы ауыр», - делінген хабарламада.
Жапониялы азамат «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 88-бабының 5-тармағына сәйкес ем алып жатыр.
Еске сала кетсек, 17 тамызда Boeing 777-300ER бортында Токиодан Цюрихке ұшқан Swissair ұшағы Астана әуежайына шұғыл қонды. Экипаж жолаушының инсульт алды деген күдікке байланысты қонуға шешім қабылдады.
Ұшақ сәтті қонғанымен кейінірек ұшу-қону жолағынан топырақты жерге сырғып кетті.