Қазақстанда 2027 жылға дейін квазимемлекеттік компанияларды құруға мораторий енгізілді

Сырым Қаржас

2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін Қазақстанда квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізіледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz

Мораторий кімге қатысты

Мораторий квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, атап айтқанда: мемлекеттік кәсіпорындарға, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге, акционерлік қоғамдарға, оның ішінде ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, мемлекет болып табылатын құрылтайшыларға, қатысушыларға немесе акционерлерге, сондай-ақ еншілес, тәуелді және онымен байланысты басқа да заңды тұлғаларға қатысты болады.

Десе де, бұл ретте компаниялар президенттің ерекше тікелей тапсырмалары бойынша және заңсыз сатып алынған активтерді қайтару науқаны шеңберінде құрылуы мүмкін. 

Президенттің экономиканы либерализациялау шаралары туралы жарлығы мораторийдің себебі болды.

Бұған дейін Қазақстанның ұлттық компаниялары мақсаты бойынша жүздеген миллиард бюджеттік теңгені пайдаланбағаны хабарланған болатын.

Мораторий енгізілетіні 2024 жылдың 19 шілдесінде белгілі болды.