Журналист Мағауинмен сұқбатының жалғасы неге шықпай қалғанын айтты

Әлихан Асқақ

Белгілі журналист Ая Өміртай өзінің әйгілі жазушы Мұхтар Мағауиннен алған сұқбатының жалғасы неге шықпай қалғанын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
 

ашық дереккөзден

Сәлем, достар. Менен “Түркияда тұратын қаламгер Мұхтар Мағауинмен сұқбаттың екінші бөлімі қашан шығады?” деп жазушының оқырмандары әрдайым сұрайды. Өздеріңізге мәлім, қазір мен Halyq Uni агенттігінде жұмыс істемеймін, шілдеден бастап жұмыстан босатылғанмын. Жұмыстан кетер кезде басшылық бұл сұқбаттың екінші бөлімі редакция меншігінде қалатындығын және жариялауға болмайтындығын ескерткен еді. Сондықтан барлық сұрақты Halyq Uni ақпараттық порталына иелік ететін “Халық Үні” медиа холдингіне жолдай аласыздар! Рақмет. – деп жазды ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ая Өміртай осыдан біраз уақыт брын Түркияға барып, сонда тұрып жатқан әйгілі жазушы Мұхтар Мағауиннен арнайы сұқбат алған болатын. Сұқбаттың алғашқы бөлімі қоғамда қызу талқыға түскен еді. Сол кезде сұқбаттың екінші бөлігі де жақында жарыққа шығатыны айтылған. Алайда жағдай жоғарыдағыдай болды.

Ал “Халық Үні” медиа холдингі белгілі кәсіпкер, «Алтын қыран» компаниялар тобының басқарушы директоры Исламбек Салжановқа тиесілі. Жылдық табысы 2023 жылы 3 975 580 994 теңге болған холдинг жақында ғана оншақты қызметкерін жұмыстан босатқаны туралы ақпарат тараған болатын.